Шанхай қаласында өткен CPHI China 2026 халықаралық көрмесінің 20 жылдығы аясында «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков ірі өндірушілермен және салалық ұйымдармен келіссөздер жүргізді.
16 маусым күні Шанхай қаласында «СҚ-Фармация» жыл сайын өткізілетін CPHI China 2026 халықаралық фармацевтикалық көрмесіне қатысты. CPHI China – әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған өндірушілерді, жеткізушілерді, реттеуші органдарды және сарапшыларды біріктіретін фармацевтика индустриясындағы ірі халықаралық көрме. Осындай алаңдарға қатысу халықаралық әріптестікті дамытуға және дәрілік қамтамасыз ету жүйесіне озық тәжірибелерді енгізуге ықпал етеді.
Іс-шараға Еуропа елдерінің, Қытай Халық Республикасының, Жапонияның, Корея Республикасының және басқа да мемлекеттердің реттеуші органдарының өкілдері қатысты. Іскерлік бағдарлама аясында өндірушілермен тікелей шарттарды дамыту, қажеттілікті жоспарлау тетіктерін жетілдіру, тауарлық қорларды басқару, халықты дәрілік заттармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру, сондай-ақ заманауи логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне арналған екіжақты кездесулер өтті.
Бірыңғай дистрибьютордың басшысы ҚХР-дың жетекші фармацевтикалық компанияларымен, оның ішінде Tigermed, Sinopharm, Genertec Meheco және басқа да дәрілік заттарды өндірушілер мен дистрибьюторлармен бірқатар келіссөздер жүргізді.
Кездесулер барысында тараптар ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ Еуропа мен АҚШ нарықтарында жұмыс істеп жүрген қытайлық компаниялардың Қазақстан нарығына шығу мүмкіндіктерін талқылады. Қытайлық компаниялардың өкілдері Қазақстан Республикасындағы қатысу аясын кеңейтуге және әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуға қызығушылық танытты.
«Бүгінде Қазақстан фармацевтика саласын дамыту әлеуеті жоғары перспективалы нарық болып табылады. Біздің міндетіміз – әлемнің жетекші өндірушілерімен ұзақ мерзімді әріптестік қатынастар орнату, бәсекелестік ортаны кеңейту және халық үшін сапалы әрі заманауи дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға жағдай жасау.
Біз бұл міндетті 2025 жылдың екінші жартысынан бастап табысты жүзеге асырып келеміз. Өндірушілерден тікелей сатып алу көлемін жүйелі түрде арттырып отырмыз. Егер 2025 жылы отандық және шетелдік 32 компаниядан 182 атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сатып алынған болса, 2026 жылы 45 өндірушіден 411 атау сатып алынды. Сатып алудың жаңа тетігі тікелей келісімшарттардың үлесін екі еседен астам арттыруға және 25 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді.
Сондықтан мұндай кездесулер өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізіне айналып, Қазақстанның дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді деп сенемін», – деді «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков.
Қытайлық серіктестермен кездесулерді ұйымдастыруда және байланыстар орнатуда «Kazakh Invest» ҰК» АҚ маңызды рөл атқарды. Компания Қазақстанның инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, шетелдік инвесторларды тартуға және фармацевтика саласындағы өндірісті оқшаулау жобаларын іске асыруға жәрдем көрсетеді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өнімдерді тіркеу, өндірісті оқшаулау, технологиялар трансфері, сондай-ақ Қазақстанға жеткізілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар номенклатурасын кеңейту мәселелерін қоса алғанда, ынтымақтастықтың нақты бағыттарын пысықтау бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту және отандық нарыққа жаңа өндірушілерді тарту елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайту, фармацевтика саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және пациенттерді сапалы әрі қолжетімді дәрілік заттармен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерге толық сәйкес келеді.