Бүгін Астана қаласына жұмыс сапары аясында тәжірибе алмасу және бірлескен сатып алу мәселелерін пысықтау мақсатында Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы «Сатып алу орталығы» мемлекеттік мекемесінің өкілдері «СҚ-Фармация» үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау қызметтерін көрсететін Астана қаласындағы «СТОФАРМ» ЖШС логистикалық хабына барды.
«СТОФАРМ» ЖШС Астана филиалының директоры Анара Досжігітова өзбекстандық делегацияны хабтың ішкі операциялық үдерістерімен таныстырды. Атап айтқанда, тауарларды қабылдау, қоймаға орналастыру және оларды операциялық қоймалар мен медициналық ұйымдарға жеткізу тәртібі көрсетілді. Таныстыру барысында қонақтарға вакциналар мен арнайы температуралық режимді сақтауды талап ететін препараттар сақталатын тоңазытқыш камералар көрсетілді. Логистикалық хаб дәрілік заттарды сақтау және тасымалдау кезінде «суық тізбек» режимін сақтай отырып, олардың қауіпсіздігі мен сапасының сақталуын қамтамасыз ететін халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.
«СК-Фармацияның» сақтау және жеткізу қызметтерін қамтамасыз ететін Астанадағы логистикалық хабтың жалпы ауданы 6 550 шаршы метрді құрайды. Мұнда 99 қызметкер жұмыс істейді және хабтың иелігінде 66 көлік құралы бар. Хаб Астана қаласы, Ақмола және Ұлытау облыстарындағы медициналық ұйымдарды, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы операциялық қоймаларды дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ететін тарату орталығы болып табылады. Кейіннен өнімдер операциялық қоймалардан өңірлердегі медициналық ұйымдарға жөнелтіледі.
Сапар барысында «Сатып алу орталығының» өкілдері дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесіне ерекше қызығушылық танытты. Оларға таңбалаудың арқасында дәрілік препараттардың қозғалысы қоймаға түскен сәттен бастап пациентке берілгенге дейінгі барлық кезеңдерде есепке алынып, бақыланатыны түсіндірілді.
Өзбекстан делегациясы «СТОФАРМ» логистикалық хабының жұмысын ұйымдастыру деңгейі мен техникалық жарақталуын жоғары бағалап, логистикалық үдерістермен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін «СТОФАРМ» және «СҚ-Фармация» ұжымдарына алғысын білдірді.
Тараптар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу саласындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі екендіктерін растады.