«СҚ-Фармация» ЖШС 2027 жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында логистикалық инфрақұрылымды дайындау жұмыстарын бастады.
Бірыңғай дистрибьютор дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау қызметтерін сатып алу бойынша коммерциялық ұсыныстар қабылдау басталғанын хабарлайды.
Бұл – елдегі дәрілік қамтамасыз ету жүйесін алдын ала дайындаудың маңызды кезеңдерінің бірі. Логистикалық операторларды уақытылы айқындау тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК), міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға көрсетілетін медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді.
Қызметтерді сатып алу конкурсы 2026 жылғы қыркүйекте дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу веб-порталында өткізіледі. Коммерциялық ұсыныстар 2026 жылғы 22 шілде сағат 18:00-ге дейін info@sk-pharmacy.kz электрондық поштасы арқылы қабылданады.
Әлеуетті жеткізушілерді іріктеу барысында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестікпен қатар, олардың технологиялық дайындығына ерекше назар аударылады.
Атап айтқанда, жеткізушілер қойманы басқарудың заманауи жүйесінің (WMS) және Бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесімен интеграцияланған көлікті басқару жүйесінің (TMS) жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қабылдау сәтінен бастап медициналық ұйымдарға жеткізілгенге дейінгі барлық логистикалық кезеңдерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, міндетті талаптардың қатарында белгіленген температуралық режимді сақтайтын мамандандырылған автокөліктердің, көлік құралдарын спутниктік бақылау жүйесінің, сондай-ақ өнімнің салмақтық және габариттік сипаттамаларын автоматты түрде өлшеп, мәліметтерді ақпараттық жүйеге қолмен енгізусіз жіберетін арнайы жабдықтың болуы қарастырылған.
Сақтау және тасымалдау сапасының халықаралық талаптарына сәйкестікке де ерекше мән беріледі. Әлеуетті жеткізушілер санитариялық, өрт қауіпсіздігі және рұқсат беру талаптарына сәйкестігін растауы қажет. Ал GDP (Тиісті дистрибьюторлық практика) сертификаты бар ұйымдар үшін бірқатар талаптарды растаудың жеңілдетілген тәртібі қарастырылған.
Шарттар жасалғаннан кейін Бірыңғай дистрибьютор қойма инфрақұрылымының және көрсетілетін қызметтердің белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруге құқылы. Заңнама немесе сатып алу талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда шарт біржақты тәртіппен бұзылуы мүмкін.
Сақтау көлемдері, тасымалдаудың болжамды қашықтығы және тиеу-түсіру жұмыстарының жоспарлы көлемдері коммерциялық ұсыныстарды жинау туралы хабарландыруға қоса берілген.
«СҚ-Фармация» логистикалық процестер мен оларды цифрлық сүйемелдеуді жүйелі түрде жетілдіруде. Бұл жеткізу тізбегінің ашықтығын арттыруға, дәрілік заттардың сақталуын қамтамасыз етуге және еліміздің барлық өңірлеріндегі пациенттерге уақытылы жеткізілуіне мүмкіндік береді.
Толығырақсілтеме бойынша: https://sk-pharmacy.kz/kaz/habarlandyiru/po-sboru-kommercheskix-predlozhenij-zakupa-uslugi-xraneniya-i-transportirovke-lekarstvennyix-sredstv