«СҚ-ФАРМАЦИЯ» БАСШЫЛАРЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ПЕН ВАЙБ-КОДИНГ БОЙЫНША ОҚУДАН ӨТТІ
Қазақстанда цифрландыруды жеделдету және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында елімізді цифрлық трансформациялау, заманауи технологияларды экономиканың түрлі салаларына енгізу және басқару жүйесінің тиімділігін арттыру міндеттері айқындалған. Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.
Осы басымдықтар аясында «СҚ-Фармация» ЖШС-де цифрлық құзыреттерді дамытуға арналған оқыту бастамасы жалғасуда. Бұған дейін орта буын мамандары қатысқан тренингке бұл жолы компанияның топ-менеджерлері мен басшылық өкілдері қатысты.
Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) және Цифрлық үкіметті қолдау орталығының қатысуымен өткен тренингте жасанды интеллекттіні басқарушылық қызметте қолдану тәсілдері қарастырылды. Сондай-ақ қатысушылар промпт-инжинирингтің негізгі қағидаларын меңгеріп, ақпаратты жинақтау мен талдау, күнделікті міндеттерді оңтайландыруға арналған цифрлық құралдарды тәжірибе жүзінде пайдаланды.
Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі — вайб-кодинг әдісі. Бұл тәсіл арнайы бағдарламалау дағдыларын терең меңгермей-ақ, жасанды интеллект көмегімен цифрлық шешімдер мен қарапайым құралдар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Оқыту басшылық құрамның технологиялық өзгерістерге бейімделуіне және цифрлық жаңашылдықтарды компания қызметіне енгізу мүмкіндіктерін бағалауына бағытталды. Бұл бастама мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы цифрлық жаңғыру үдерісін қолдауға үлес қосады.
Показать меньше