Байланыс орталығы 1439
  • «СҚ-ФАРМАЦИЯ» МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ САТЫП АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЖЕТЕКШІ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯЛАРМЕН КЕЗЕКТІ КЕЛІССӨЗДЕР ӨТКІЗДІ
Жаңалықтар
15.07.2026

«СҚ-ФАРМАЦИЯ» МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ САТЫП АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЖЕТЕКШІ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯЛАРМЕН КЕЗЕКТІ КЕЛІССӨЗДЕР ӨТКІЗДІ

Бірыңғай дистрибьютор алаңында Германияның Bayer AG химиялық-фармацевтикалық корпорациясының Қазақстандағы бөлімшесі – Bayer Kazakhstan, сондай-ақ халықаралық биофармацевтикалық AstraZeneca компаниясының өкілдерімен жұмыс кездесулері өтті. Келіссөздердің негізгі тақырыбы Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдермен және Орталық Азия мемлекеттерімен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірлесіп сатып алу тетігін іске асыру мәселелері болды.

«СҚ-Фармация» басшылығы фармацевтикалық компаниялардың өкілдеріне сындарлы диалог үшін алғыс білдіріп, мемлекетаралық сатып алулар тетігін іске асыру барысында өндірушілердің ұстанымын, олардың сараптамалық бағасын және сатып алудың жаңа форматына қатысуға дайындық деңгейін ескерудің қағидатты маңызға ие екенін атап өтті.

Компанияда бірлескен сатып алу тетігін енгізу жан-жақты пысықтауды талап ететіні айтылды. Қазіргі уақытта Өзбекстан және Қырғызстандағы әріптестермен бірлесіп нормативтік-құқықтық базаны үйлестіру, баға белгілеу саясаты мен логистика бойынша бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру, сондай-ақ бірлескен сатып алуға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың пилоттық тізбелерін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Кездесу барысында Bayer компаниясының Қазақстандағы баға белгілеу, тендерлік арна және нарыққа қолжетімділік жөніндегі басшысы Алдияр Бельғұжанов мемлекетаралық бірлескен сатып алу тетіктерін іске асырудың халықаралық тәжірибесіне талдау жасап, Еуропа елдерінің, Парсы шығанағы мемлекеттерінің, сондай-ақ Латын Америкасының жекелеген елдерінің тәжірибесін таныстырды.

Талдау аясында мұндай бастамаларды табысты іске асыруға ықпал ететін факторлар қарастырылып, аталған үдерістің кешенді әрі ұзақ мерзімді сипатқа ие екендігі, сондай-ақ ауқымды дайындық жұмыстарын талап ететіні атап өтілді. Атап айтқанда, заңнаманы үйлестіру, денсаулық сақтау технологияларын бағалау тәсілдерін дамыту, реттеушілік рәсімдерді жетілдіру және дәрілік препараттарды тіркеу процестерін оңтайландыру қажеттілігіне назар аударылды. Сонымен қатар, мұндай тетіктердің табысты іске асырылуы қатысушы елдердің дәрілік қамтамасыз ету жүйелерінің, дәрілік препараттардың құнын өтеу тетіктерінің ұқсастығымен, сондай-ақ негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің салыстырмалылығымен едәуір дәрежеде байланысты екені атап өтілді.

Бұдан бөлек, Алдияр Бельғұжанов Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында осындай тетіктерді енгізу мүмкіндігін одан әрі қарастырудың перспективалы екенін атап өтті. Бұл ретте ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында заңнаманы және реттеушілік тәсілдерді үйлестіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар ескерілді. Әрі қарай пысықтауға болатын ықтимал бағыттардың бірі ретінде ЕАЭО-ның ең ірі нарығы болып табылатын Ресей Федерациясымен өзара іс-қимылды дамыту қарастырылуы мүмкін екені айтылды. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу құрылымы мен басым терапиялық бағыттарды, оның ішінде онкология, қант диабеті және басқа да әлеуметтік маңызы бар аурулар салаларын қамтитын дәрілік қамтамасыз ету жүйелеріне қатысты тәсілдердің ұқсастығы назарға алынды. Сонымен бірге, аталған тәсілді одан әрі пысықтау фармацевтикалық индустрияның мүдделерін ескере отырып және нарық қатысушыларымен сындарлы диалог форматында жүзеге асырылуы тиіс екені атап өтілді.

Бірыңғай дистрибьютор өкілдері аталған ұсынысты жан-жақты қарастыруға және оны практикалық іске асыру мүмкіндіктеріне тиісті талдау жүргізуге дайын екендіктерін білдірді.

AstraZeneca компаниясымен өткен кездесу барысында компания өкілдері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекетаралық сатып алу тетігіне қатысу мүмкіндігін қарастыруға қызығушылық танытты. Сонымен қатар аталған тетікті табысты іске асыру үшін Орталық Азия елдерінің барлығындағы реттеуші талаптарды, ұлттық тіркеу рәсімдерінің ерекшеліктерін, өнімді буып-түю мен таңбалау, валюталық реттеу, логистика мәселелерін, сондай-ақ жобаны практикалық іске асыруға әсер етуі мүмкін өзге де факторларды ескеру қажеттігі атап өтілді. Бұдан бөлек, AstraZeneca өнімдерінің Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) рәсімдеріне сәйкес тіркелгені ерекше айтылды.

«СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма мүшесі – басқарушы директоры Жанайдар Мусин қазіргі уақытта мемлекетаралық сатып алу тетігін іске асырудың рәсімдік аспектілерін пысықтау жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, осы кезеңде фармацевтикалық өндірушілерден мемлекетаралық сатып алуларға Бірыңғай дистрибьютор арқылы орталықтандырылған тәртіппен немесе қазіргі уақытта талдау сатысында тұрған өзге де модельдерді пайдалану арқылы қатысуға қызығушылығы жөнінде кері байланыс алу маңызды. Сонымен қатар ол мемлекетаралық сатып алулар тетігін енгізу нормативтік-құқықтық базаны үйлестіруді, тиісті реттеуші тетіктерді жетілдіруді, баға белгілеу, логистика және басқа да ұйымдастырушылық мәселелерді шешуді қамтитын кешенді жұмысты талап ететінін, сондықтан бұл бағыт кезең-кезеңімен әрі жан-жақты пысықталуы қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты өндірушілердің ұстанымын түсіну және олардың аталған тетікке ықтимал қатысуға дайындық деңгейін бағалау стратегиялық тұрғыдан маңызды.    

Кездесу қорытындысы бойынша Байер КАЗ ЖШС мен AstraZeneca өкілдері ынтымақтастық форматтарын одан әрі талқылауға қызығушылықтарын растады және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекетаралық сатып алу тетігін дамыту аясында Бірыңғай дистрибьютормен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін қарастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Айта кету керек, «СҚ-Фармация» мемлекетаралық сатып алу тетігін іске асыру мәселелері бойынша фармацевтикалық өндірушілермен сындарлы диалогқа ашық және олардың осы тетікке қатысуға дайындықтары мен ниеттеріне қатысты ұстанымдарын алуға мүдделі. Компания аталған бағытты одан әрі пысықтау үшін қажетті барлық ұйымдастырушылық және реттеушілік мәселелерді талқылауға дайын.

Дереккөз: "СҚ-Фармация" ЖШС баспасөз қызметі
Посмотреть еще