Байланыс орталығы 1439
  • «СҚ-ФАРМАЦИЯ» МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ САТЫП АЛУЛАРДЫ КЕҢЕЙТУДЕ: PFIZER МЕН ROCHE ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА ТЕТІГІН ДАМЫТУДЫ ҚОЛДАДЫ
Жаңалықтар
14.07.2026

«СҚ-ФАРМАЦИЯ» МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ САТЫП АЛУЛАРДЫ КЕҢЕЙТУДЕ: PFIZER МЕН ROCHE ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА ТЕТІГІН ДАМЫТУДЫ ҚОЛДАДЫ

Бірыңғай дистрибьютор Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) мен Орталық Азия елдері арасында дәрілік заттарды бірлесіп сатып алу тетігін іске асыру үшін негіз қалыптастыра отырып, әлемнің жетекші фармацевтикалық компанияларымен келіссөздерді жалғастыруда.

Бастама серіктес мемлекеттермен сұранысты шоғырландыруға, пациенттердің заманауи дәрілік препараттарға қолжетімділігін кеңейтуге, сатып алу рәсімдерінің тиімділігін арттыруға және сатып алу көлемдерін біріктіру есебінен анағұрлым тиімді баға шарттарына қол жеткізуге бағытталған.

Соңғы апта ішінде Бірыңғай дистрибьютор алаңында осы тетікті іс жүзінде іске асыру мәселелеріне арналған ірі халықаралық фармацевтикалық компаниялардың өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесулері өтті.

Маңызды кездесулердің бірі Қазақстанда ұсынылған әлемдегі жетекші биофармацевтикалық корпорациялардың бірі – Pfizer компаниясымен өтті. Келіссөздер барысында тараптар компанияның мемлекетаралық сатып алу тетігіне қатысу перспективаларын талқылады.

Pfizer компаниясы бастамаға қызығушылық танытып, оны іске асыруға қосылуға дайын екенін білдірді. Қазіргі уақытта Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасымен бірлескен сатып алудың нысаны бола алатын дәрілік заттар портфелін қалыптастыру бойынша бірлескен жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар дәрілік препараттарды тіркеу және өзге де реттеушілік мәселелер пысықталуда.

Тағы бір маңызды кездесу денсаулық сақтау саласындағы инновациялық жобаларды іске асыруда мол халықаралық тәжірибесі бар әлемдегі ірі фармацевтикалық топтардың бірі – Roche компаниясымен өтті.

«СҚ-Фармация» ЖШС өкілдері мемлекетаралық сатып алу тетігін дамыту тұжырымдамасын таныстырып, өндірушілермен өзара іс-қимылдың негізгі күтілетін нәтижелерін айқындады. Өз кезегінде Roche компаниясы халықаралық топтық сатып алуларды ұйымдастыру тәжірибесіне негізделген тұжырымдамалық ұсыныстарын ұсынды.

Тараптар пилоттық жобаларды іске қосу үшін басым дәрілік заттар санаттарын айқындауға, препараттарды іріктеу критерийлеріне, шоғырландырылған сұранысты қалыптастыруға, дәрілік заттарды тіркеуге, логистикаға, шарттық міндеттемелерді орындауға, сондай-ақ нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге ерекше назар аударды.

Roche сарапшылары осындай бастамаларды іске асырудың табысты халықаралық тәжірибесін ұсынып, Тәжікстан Республикасы мен Ауғанстан Республикасының қатысуымен жекелеген дәрілік препараттарды бірлесіп сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде онкологиялық, орфандық, неврологиялық, офтальмологиялық ауруларды, жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларын және иммунологиялық патологияларды емдеуге арналған препараттар айқындалды.

Сонымен қатар компания кадрларды даярлау, бірыңғай ақпараттық инфрақұрылымды қалыптастыру, келіссөздер жүргізу үдерістерін ұйымдастыру, логистиканы жетілдіру және жеткізілімдерді жоспарлау мәселелері бойынша сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Roche өкілдерінің бағалауынша, сұранысты шоғырландыру жоғары құнды бірқатар дәрілік препараттардың бағасын қосымша төмендетуге және дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

«Біз мемлекетаралық сатып алу тетігін белсенді түрде дамытып келеміз және бүгіннің өзінде халықаралық серіктестермен нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біздің назарымыз тек Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерге ғана емес, дәрілік заттарды сатып алуды біріктіруге мүдделі өзге мемлекеттерге де бағытталған. Әлемдегі жетекші фармацевтикалық компаниялардың жоғары қызығушылық танытуы біз үшін маңызды көрсеткіш. Олардың жобаға қатысуға, халықаралық тәжірибесімен бөлісуге және өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін бірлесіп пысықтауға дайын болуы бұл бастаманың нақты перспективалары бар екенін көрсетеді. Бұл пациенттердің заманауи дәрілік препараттарға қолжетімділігін арттыруға және денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға маңызды қадам болады деп сенемін», – деді «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков.

Қазіргі уақытта Novartis және Pfizer компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою рәсімдері аяқталу сатысында. Сондай-ақ бастамаға Roche компаниясы қосылып, онымен ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын бірлесіп пысықтау басталды.

Шетелдік мемлекеттермен және әлемнің жетекші өндірушілерімен орнықты әріптестік орнату сатып алу қызметінің тиімділігін арттыруға, бюджет қаражатын үнемдеуге, өңірдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға және пациенттердің заманауи емдеу әдістеріне қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Дәрілік заттар тізбесін қалыптастыру, реттеушілік рәсімдерді келісу және серіктес мемлекеттер мен өндірушілермен өзара іс-қимыл тетіктерін құру жөніндегі жұмыс бастаманы кезең-кезеңімен іске асыру аясында жалғасады.

«СҚ-Фармация» ЖШС халықаралық серіктестер шеңберін дәйекті түрде кеңейтуде және мемлекетаралық сатып алу тетігін одан әрі дамыту, заманауи дәрілік препараттардың қолжетімділігін арттыру және дәрілік қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру мақсатында халықаралық фармацевтикалық компаниялармен, мемлекеттік органдармен және шетелдік ұйымдармен сындарлы ынтымақтастыққа ашық.

Апта соңына дейін Bayer AG неміс трансұлттық химиялық-фармацевтикалық корпорациясының Қазақстандағы бөлімшесі – Bayer Kazakhstan, сондай-ақ халықаралық биофармацевтикалық AstraZeneca компаниясының өкілдерімен кездесулер жоспарланып, расталды. Келіссөздер барысында компаниялардың мемлекетаралық сатып алу тетігіне қатысу мүмкіндіктерін талқылау, ықтимал дәрілік заттар портфелін айқындау және осы бағыттағы ұзақ мерзімді әріптестіктің перспективаларын белгілеу жоспарлануда.

Дереккөз: "СҚ-Фармация" ЖШС баспасөз қызметі
Посмотреть еще