Байланыс орталығы 1439
  • «СҚ-ФАРМАЦИЯ» МЕН ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ЖАНЫНДАҒЫ САТЫП АЛУЛАР ОРТАЛЫҒЫ МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ САТЫП АЛУЛАРДЫҢ ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРУ ТУРАЛЫ ХАТТАМАҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Жаңалықтар
18.06.2026

«СҚ-ФАРМАЦИЯ» МЕН ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ЖАНЫНДАҒЫ САТЫП АЛУЛАР ОРТАЛЫҒЫ МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ САТЫП АЛУЛАРДЫҢ ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРУ ТУРАЛЫ ХАТТАМАҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

18 маусымда Астанада «СК-Фармация» ЖШС мен Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы «Сатып алу орталығы» ММ арасында кездесу қорытындыларының хаттамасына қол қойылды. Ол сатып алу рәсімдерінің тиімділігін арттыру және халық үшін сапалы медициналық препараттардың қолжетімділігін кеңейту мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды еларалық деңгейде сатып алудың пилоттық жобасын іске асыруға бағытталған.

Құжат екі ұйым өкілдерінің қатысуымен жеке жұмыс топтарын құруды көздейді, олар Қазақстан мен Өзбекстанның дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірлесіп сатып алу жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу мәселелерін егжей-тегжейлі пысықтайды.  

Тараптар екі елде халықты тегін дәрілік қамтамасыз ету бағдарламалары аясында сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбелерін зерделеуге, сондай-ақ пилоттық жобаға енгізілетін өнімдерді іріктеу критерийлерін талдау және бірлесіп айқындауға уағдаласты.

Жұмыс тобы мемлекетаралық сатып алулар пилоттық жобасы шеңберінде сатып алуға ұсынылатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін қалыптастыруы тиіс.

Тараптар сондай-ақ құжатта сатып алу тетіктерін, өнім сапасына қойылатын талаптарды, тиісті құжаттарды тану тәртібін, сондай-ақ логистика мен тараптар арасындағы қаржылық есеп айырысу мәселелерін айқындау жөніндегі уағдаластықтарды бекітті.

«СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков екі ел арасындағы шоғырландырылған сатып алуларды іске асыру бойынша өзбек тарапымен ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды жалғастыру ниетін растады, бұл екі елдің қажеттіліктерін біріктіру есебінен неғұрлым теңгерімді бағамен қажетті және заманауи препараттарды сатып алуға мүмкіндік береді. Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы «Сатып алулар орталығының» өкілдері Бірыңғай дистрибьютор басшылығы мен ұжымына қонақжайлығы және тәжірибе алмасу бойынша екі күндік жұмыс сессиясы үшін алғыстарын білдірді.

Жұмыс тобы жұмысының нәтижелерін талқылауға арналған келесі жұмыс кездесуі 2026 жылғы 28 шілдеге жоспарланған.

Дереккөз: "СҚ-Фармация" ЖШС баспасөз қызметі
Посмотреть еще