Байланыс орталығы 1439
Жаңалықтар
19.08.2026

«СҚ-ФАРМАЦИЯ» ЖӘНЕ ТҮРКИЯНЫҢ ABDI IBRAHIM КОМПАНИЯСЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Бірыңғай дистрибьютор делегациясының Түркия Республикасына жұмыс сапары аясында елдің жетекші фармацевтикалық компанияларының бірі — Abdi Ibrahim Ilac Sanayi ve Ticaret A.Ş. компаниясына барды. Кездесу барысында тараптар тәжірибе алмасып, дәрілік заттармен қамтамасыз ету, логистика және жеткізу тізбегін басқару салаларындағы перспективалы ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша өзара түсіністік және әлеуетті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Кездесуде түрік компаниясының атынан халықаралық нарықтар жөніндегі президент Мұстафа Коксал Улген және «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС тендерлік сатып алулар тобының менеджері Олег Меркер қатысты.

Сапар барысында «СҚ-Фармация» өкілдері компанияның жұмысын ұйымдастыру жүйесімен, оның ішінде дәрілік заттарды сақтау мен басқарудың заманауи тәсілдерімен танысты. Abdi Ibrahim компаниясының қойма инфрақұрылымы мен онда қолданылатын цифрлық шешімдерге ерекше назар аударылды. Компанияның автоматтандырылған қойма кешені 14 мың паллет-орынға есептелген және шамамен 5 мың шаршы метр аумақты алып жатыр.

Abdi Ibrahim компаниясының негізгі терапиялық бағыттар бойынша 255-тен астам бренд пен 530-дан астам атауды қамтитын дәрілік заттардың кең портфелі бар. Олардың қатарында кардиология, гастроэнтерология, неврология, респираторлық және инфекцияға қарсы препараттар бар.

Кездесудің жеке бір бөлігі жеткізу тізбегін ұйымдастырудың заманауи тәсілдеріне, қорларды басқаруға және логистикалық процестердің тиімділігін арттыруға арналды. Осы бағыттардағы практикалық тәжірибе алмасу «СҚ-Фармация» үшін өзінің инфрақұрылымын одан әрі дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруды ескере отырып, айрықша қызығушылық тудырады.

«СҚ-Фармация» Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков Қазақстандағы дәрілік заттармен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру кезінде халықаралық тәжірибені зерделеудің маңыздылығын атап өтті.

Осы бағытта Бірыңғай дистрибьютор логистикалық процестердің тұрақтылығы мен ашықтығын арттыруға, қорларды басқаруды оңтайландыруға және дәрілік заттардың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тиімді шешімдерді зерделеуге мүдделі. Ірі халықаралық компаниялардың осы бағыттардағы тәжірибесі өз инфрақұрылымын дамыту кезінде озық тәжірибелерді ескеруге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта «СҚ-Фармация» еліміздің алты өңірінде өзінің қойма инфрақұрылымын құру жобасын іске асыруда. Алғашқы логистикалық хабты 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бұл инфрақұрылымды дамыту дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және бөлудің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ логистикалық процестерді оңтайландыру үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді.

Бірыңғай дистрибьютор басшысы өндірушілермен тікелей өзара іс-қимылды дамыту жұмыстың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылдан бастап «СҚ-Фармация» баға ұсыныстарын тікелей өндірушілерден сұрату арқылы сатып алу тетігін белсенді қолдануда. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда тікелей сатып алулар көлемі екі еседен астам өсті.

Мұндай тәсіл бәсекелестікті дамытуға ықпал етіп, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіретін компаниялардың ұсыныстарын тікелей алуға мүмкіндік береді. Бұл бәсекеге қабілетті шарттарда сапалы өнімдерді сатып алуға және алдағы уақытта отандық та, шетелдік те өндірушілермен өзара іс-қимылды неғұрлым икемді түрде құруға қосымша мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының кешені қарастырылғаны атап өтілді. Олардың қатарында Бірыңғай дистрибьютормен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу бойынша ұзақ мерзімді шарттар жасасу мүмкіндігі, салықтық преференциялар беру және басқа да ынталандыру шаралары бар.

Қол қойылған меморандум тараптардың кәсіби диалогты жалғастыру және өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын қарастыру ниетін бекітеді. Ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарының қатарында дәрілік заттарды өндіру және тіркеу, логистика және қорларды басқару салаларында тәжірибе алмасу, ғылыми-практикалық іс-шаралар өткізу, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да бағыттар бар.

Айта кетейік, халықаралық фармацевтикалық компаниялармен өзара іс-қимыл кәсіби тәжірибе алмасуға ғана емес, сондай-ақ дәрілік заттармен қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге пайдалы болуы мүмкін заманауи шешімдерді зерделеуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: "СҚ-Фармация" ЖШС баспасөз қызметі
Посмотреть еще