Байланыс орталығы 1439
  • «СҚ-ФАРМАЦИЯНЫҢ» ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ: МЕНШІКТІ ҚОЙМА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ҚҰРУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ САТЫП АЛУДЫ ДАМЫТУ
Жаңалықтар

«СҚ-ФАРМАЦИЯНЫҢ» ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ: МЕНШІКТІ ҚОЙМА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ҚҰРУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ САТЫП АЛУДЫ ДАМЫТУ

«СҚ-ФАРМАЦИЯНЫҢ» ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ: МЕНШІКТІ ҚОЙМА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ҚҰРУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ САТЫП АЛУДЫ ДАМЫТУ

«СҚ-Фармация» ЖШС Бірыңғай дистрибьюторының өз қойма инфрақұрылымын дамыту және мемлекетаралық сатып алу тетігін енгізу перспективалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбековтің баяндамасында көтерілген негізгі мәселелердің бірі болды.

Бірыңғай дистрибьютор басшысының айтуынша, қазіргі уақытта компания төрт өңірлік логистикалық хаб пен он бір қойманың қызметін жеке логистикалық операторлардан жалға алу негізінде пайдаланып келеді.

Логистиканың тиімділігін арттыру және шығындарды оңтайландыру мақсатында еліміздің алты қаласында: Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Ақтау және Семейде өз қойма кешендерінің желісін құру жоспарлануда.

«Меншікті инфрақұрылымды құру логистикалық операторларға тәуелділікті төмендетіп, жеткізу жеделдігін арттыруға және қойма шығындарын азайтуға, сондай-ақ құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жыл сайын 7,5 млрд теңгеге дейін қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков.

Қойма инфрақұрылымын дамыту Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған елдегі азаматтық және экономикалық инфрақұрылымды ауқымды түрде салу және жаңғырту бағытына да сәйкес келеді.

Бұл ретте Алматы қаласындағы қойма кешенінің маңызы ерекше болмақ. Ол тек ұлттық ауқымдағы логистикалық нысан ғана емес, сонымен қатар болашақта халықаралық хаб ретінде қарастырылып отыр. Аталған кешенді Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттерге, БҰҰ жүйесіндегі мекемелерге және жетекші халықаралық фармацевтикалық компанияларға қызмет көрсетуге бағдарлау жоспарлануда.

Бірыңғай дистрибьютор қызметінің тағы бір перспективалы бағыты – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекетаралық сатып алуды дамыту.

Қазіргі уақытта Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен және Орталық Азия мемлекеттерімен бірлескен сатып алу тетіктерін қалыптастыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Орталықтандырылған сатып алу саласында жинақталған тәжірибені пайдалана отырып, «СҚ-Фармация» бірнеше мемлекеттің қажеттіліктерін біріктіруді сатып алу үдерістерінің тиімділігін арттыру құралы ретінде қарастырады. Сатып алу көлемдерін біріктіру дәрілік заттарды анағұрлым тиімді шарттармен сатып алуға, шығындарды азайтуға және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту қазақстандық фармацевтикалық өнімдерді шетелдік нарықтарға шығаруға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Осы бағыттағы алғашқы практикалық нәтижелердің бірі – 2026 жылғы 30 қазанда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі арасында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекетаралық сатып алу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы.