Байланыс орталығы 1439
  • «СҚ-ФАРМАЦИЯ» МЕН «ҚЫРҒЫЗФАРМАЦИЯ» ДӘРІЛІК ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Жаңалықтар
30.06.2026

«СҚ-ФАРМАЦИЯ» МЕН «ҚЫРҒЫЗФАРМАЦИЯ» ДӘРІЛІК ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

«ҚырғызФармация» мемлекеттік кәсіпорны делегациясының Қазақстан Республикасына жасаған екі күндік жұмыс сапарының қорытындысы бойынша «СҚ-Фармация» ЖШС мен «ҚырғызФармация» МК дәрілік қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін айқындайтын ынтымақтастық туралы жаңартылған меморандумға қол қойды.

Құжат 2023 жылғы меморандум аясында басталған екіжақты ынтымақтастықтың заңды жалғасы болып табылады және тараптардың екі ел халқын дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етудің қолжетімділігін арттыруға, сатып алу тетіктерін жетілдіруге және өңірлік кооперацияны дамытуға бағытталған бірлескен практикалық жобаларды іске асыруға өзара дайын екендігін бекітті.

Меморандумның негізгі мақсаты – тараптардың шоғырландырылған қажеттіліктері үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекетаралық және бірлескен сатып алу саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сатып алу рәсімдерінің тиімділігін арттыру, сатып алу көлемдерін біріктіру арқылы неғұрлым тиімді баға шарттарына қол жеткізу, сондай-ақ пациенттердің сапалы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қолжетімділігін кеңейту.

Құжат орталықтандырылған сатып алу саласында тәжірибе алмасуды, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбелеріне салыстырмалы талдау жүргізуді, мемлекетаралық сатып алудың пилоттық жобасын іске асыруды, өндірушілермен және жеткізушілермен өзара іс-әрекетті, цифрлық шешімдер мен сатып алу процестерін автоматтандыру жөнінде ақпарат алмасуды, сондай-ақ ұзақ мерзімді шарттар мен инвестициялық ынтымақтастық тетіктерін дамытуды қамтитын бірқатар негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Сонымен қатар, тараптар бірыңғай сатып алу позицияларын қалыптастыру мүмкіндігін бірлесіп пысықтауға, баға преференцияларын алу мақсатында өндірушілермен келіссөздер жүргізуге және қажеттіліктерді шоғырландыру есебінен сатып алу көлемдерін ұлғайтуға уағдаласты.

«Жаңартылған меморандумға қол қою біздің ынтымақтастығымыздың тәжірибе алмасу кезеңінен бірлескен бастамаларды практикалық іске асыру кезеңіне өткенін білдіреді. Сатып алу көлемдерін шоғырландыру сатып алу рәсімдерінің тиімділігін арттыруға, өндірушілермен келіссөз жүргізудегі ұстанымымызды күшейтуге, отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытуға қосымша мүмкіндіктер жасауға және елдеріміздің халқын сапалы әрі қолжетімді дәрілік заттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Күш-жігерімізді біріктіру өңірдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға маңызды үлес қосатынына сенімдімін», – деді «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков.

Сапардың екінші күні Қазақстанның өндірістік және логистикалық әлеуетімен танысуға арналды. «ҚырғызФармация» МК делегациясы «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС мен «Аксель және А» ЖШС өндірістік алаңдарын аралап, заманауи өндірістік процестермен, сапаны қамтамасыз ету жүйесімен, кәсіпорындардың технологиялық мүмкіндіктерімен және отандық фармацевтикалық өнім жеткізілімдерін кеңейту перспективаларымен танысты.

Сондай-ақ қырғыз делегациясының өкілдері «Shin-Line Company» ЖШС-нің логистикалық кешенінде болып, онда өнімді сақтау, өңдеу және таратудың жоғары стандарттарын қамтамасыз ететін заманауи логистикалық хабтың жұмысымен танысты. Қатысушыларға қойма логистикасын басқару саласындағы цифрлық шешімдер, логистикалық процестерді ұйымдастыру және кешеннің инфрақұрылымдық мүмкіндіктері таныстырылды.

Жұмыс сапары тараптардың стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға өзара мүдделі екенін тағы бір мәрте растады. Меморандум ережелерін іске асыру бірлескен сатып алудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға, өндірушілермен өзара іс-әрекетті кеңейтуге, ұлттық дәрілік қамтамасыз ету жүйелерінің орнықтылығын арттыруға және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының фармацевтикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Дереккөз: Пресс-служба ТОО "СК-Фармация"
Посмотреть еще