ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАН ДӘРІЛІК ЗАТТАР МЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ БҰЙЫМДАРДЫ МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ САТЫП АЛУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ ЖАСАСТЫ
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қырғыз Республикасына жасаған ресми сапары аясында «Стратегиялық әріптестікті дамытудағы өңірлердің рөлі» тақырыбында өткен Қазақстан мен Қырғызстанның өңіраралық ынтымақтастығы жөніндегі II форумға қатысты.
Форум барысында өңіраралық, ведомствоаралық және іскерлік ынтымақтастық салаларындағы бірқатар құжаттарға қол қойылды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды еларалық сатып алу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бар.
Құжат денсаулық сақтау саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ фармацевтикалық нарықтағы әріптестікті кеңейтуге бағытталған.
Келісім Қазақстан мен Қырғызстанның дәрілік заттарға деген қажеттіліктерін біріктіруге, еларалық сатып алудың өзара тиімді тетіктерін қалыптастыруға және халықаралық фармацевтикалық өндірушілермен өзара іс-қимылды кеңейтуге мүмкіндік береді. Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жеткізілімдердің тұрақтылығын арттыруға, екі елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға, сатып алу бағаларын төмендетуге және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға жағдай жасайды.
Еларалық сатып алу тетігін дамыту жөніндегі бастаманы бұған дейін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Бішкек қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің 6-кездесуінде көтерген болатын. Бастаманы іске асыру үшін Бірыңғай дистрибьютор – «СҚ-Фармация» ЖШС-нің жинақталған тәжірибесі мен инфрақұрылымын пайдалану ұсынылды.
Аталған тетікті іске қосуға дайындық аясында «СҚ-Фармация» қырғыз тарапымен бірқатар жұмыс кездесуін өткізіп, «КыргызФармациямен» бірлесіп екі елдің дәрілік заттарға деген қажеттіліктеріне практикалық талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде Қазақстан мен Қырғызстанның қажеттіліктері сәйкес келетін 240-тан астам дәрілік зат позициясы анықталды. Бұл тізімге халықаралық және қазақстандық өндірушілердің препараттары енгізілген. Бірінші кезеңде 17 позиция бойынша пилоттық жобаны іске асыру, одан кейін жеткізілімдердің коммерциялық, ұйымдастырушылық және логистикалық шарттарын келісу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар «СҚ-Фармация» фармацевтикалық өндірушілермен белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда мемлекетаралық сатып алу саласындағы өзара іс-қимыл туралы Pfizer, AstraZeneca, Roche, Johnson & Johnson және Takeda секілді жетекші халықаралық фармацевтикалық компаниялармен меморандумдарға қол қойылды.
Алдағы уақытта еларалық сатып алу тетігіне Орталық Азияның басқа да мемлекеттері мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер қосылуы мүмкін. Осы бағытта Бірыңғай дистрибьютор бұған дейін Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы «Сатып алу орталығы» мемлекеттік мекемесінің өкілдерімен, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Хатшылығымен келіссөздер мен жұмыс кездесулерін өткізген.