Байланыс орталығы 1439
  • ӨЗБЕКСТАН СҚ-ФАРМАЦИЯНЫҢ ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕРДІ БІРЛЕСІП САТЫП АЛУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫСЫН ҚОЛДАДЫ: ПИЛОТТЫҚ ЖОБАНЫ ПЫСЫҚТАУ БАСТАЛАДЫ
Жаңалықтар
12.06.2026

ӨЗБЕКСТАН СҚ-ФАРМАЦИЯНЫҢ ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕРДІ БІРЛЕСІП САТЫП АЛУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫСЫН ҚОЛДАДЫ: ПИЛОТТЫҚ ЖОБАНЫ ПЫСЫҚТАУ БАСТАЛАДЫ

Ташкент қаласында өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша өзбек тарапы «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбековтың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірлесіп сатып алу тетігін дамыту жөніндегі бастамасын қолдады. Тараптар пилоттық жобаны пысықтауды бастап, сарапшылық деңгейдегі өзара әрекеттесуді жалғастыруға келісті.

Бүгін Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары аясында «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы «Сатып алу орталығы» мемлекеттік мекемесінің басшылығымен кездесу өткізді. Келіссөздердің негізгі тақырыбы – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірлесіп сатып алуды ұйымдастыру келешегі болды.

Тараптар 2027 жылы сатып алу жоспарланған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін қалыптастыру тәсілдерін, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын позицияларды айқындау мақсатында ақпарат алмасу тетіктерін талқылады.

Бірлескен сатып алу бойынша пилоттық жобаны іске асыру мүмкіндігіне ерекше назар аударылды. Алғашқы кезеңде бірлесіп сатып алуға жататын 10-ға дейінгі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың атауын айқындау, сондай-ақ жол картасын әзірлеу және жобаны іске асыру мерзімдерін келісу көзделіп отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша өзбек тарапы орталықтандырылған сатып алу саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі қазақстандық тараптың бастамасын қолдады. Сарапшылық деңгейдегі жұмысты жалғастыру, сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы «Сатып алу орталығы» мемлекеттік мекемесі өкілдерінің 17-18 маусым күндері Қазақстанға сапарын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.

«Бүгінде Қазақстанның орталықтандырылған дәрілік қамтамасыз ету жүйесі 1 875-тен астам медициналық ұйымды қамтып, 2 мыңнан астам дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың атауын сатып алады. 2026 жылдың қорытындысы бойынша сатып алу көлемі 581,2 млрд теңгені құрады, ал 2010 жылмен салыстырғанда сатып алынатын өнім көлемі 15 есеге өсті. Сатып алу тетіктерін жетілдіру және өндірушілермен тікелей келісімшарттар жасау есебінен бюджет қаражатын үнемдеу көлемі 13 еседен астам артты. Өзбекстанмен бірлескен сатып алу біздің елдеріміздің қажеттіліктерін біріктіруге, өндірушілермен өзара әрекеттесу барысында келіссөз жүргізу ұстанымдарын күшейтуге және әсіресе тапшылығы бар, қымбат және арнайы бір сырқаттарға арналған дәрілер бойынша неғұрлым тиімді баға шарттарына қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 400-ден астам дәрілік заттардың атауы өндірушілерден тікелей сатып алынады, ал 31 отандық тауар өндірушімен жасалған 83 ұзақ мерзімді шарт шеңберінде 971 атаудағы өнім жеткізіледі. Сатып алудың әртүрлі тетіктерін қолдану және өндірушілермен тікелей өзара іс-қимылды дамыту арқылы бюджет қаражатын үнемдеу және дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын арттыру қамтамасыз етілуде.

Бірлескен сатып алуды іске асыру қатысушы елдердің қажеттіліктерін шоғырландыруға, өндірушілермен өзара іс-қимыл жасау кезіндегі келіссөз жүргізу ұстанымдарын күшейтуге және көлемдерді ұлғайту есебінен жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды неғұрлым тиімді бағамен сатып алу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасы халқы үшін сапалы дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Айта кету керек, Қырғыз Республикасымен мемлекетаралық сатып алу тетігін қалыптастыру бойынша жұмыс 2025 жылдың соңынан бері жүргізіліп келеді. Бірлескен сатып алу мәселелерін одан әрі талқылау маусым айының соңына дейін Қазақстанда өткізу жоспарланған кезекті жұмыс кездесулері барысында жалғасады.

Мемлекетаралық сатып алу тетігін дамыту Орталық Азиядағы өңірлік өзара іс-қимылдың жаңа моделін қалыптастыруға негіз бола алады. Бұл дәрілік қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақтылығын арттыруға және пациенттердің заманауи дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарға қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді.

Дереккөз: "СҚ-Фармация" ЖШС баспасөз қызметі
Посмотреть еще