2026 жылдың алғашқы алты айында Бірыңғай дистрибьютор еліміздегі медициналық ұйымдарды дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз етті. Осы кезеңде шамамен 12 мың рейс орындалып, соның нәтижесінде қажетті препараттар Қазақстанның ауруханалары мен емханаларына уақытылы жеткізілді.
Жалпы, «СҚ-Фармацияның» логистикалық жүйесі 1 875 медициналық ұйымды қамтиды. 2 мыңнан астам дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар атауын жеткізу үшін 4 тарату хабы, 11 операциялық қойма және 400-ге жуық мамандандырылған автокөлік жұмылдырылған.
Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде алғашқы жартыжылдықта өңірлердегі медициналық ұйымдарға 1 миллиардтан астам дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бірлігі жөнелтілді. Бұл мәлімделген қажеттіліктің 97%-ын құрайды. Жеткізуді қамтамасыз ету үшін автокөліктер 2,6 миллион шақырымнан астам жол жүріп өтті.
Стационарлық медициналық көмек көрсету үшін ауруханалар мен өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына шамамен 354 миллион дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бірлігі жөнелтілді. Жеткізу жоспарының орындалуы 99%-ды құрады.
«СҚ-Фармация» дәрілік заттарды медициналық ұйымдардың өтінімдеріне сәйкес сатып алып, жеткізеді. Жеткізу кестесін ауруханалар мен емханалар өз қажеттіліктеріне қарай ай сайын немесе тоқсан сайын өздері қалыптастырады. Сонымен қатар Бірыңғай дистрибьютор медициналық ұйымдарға дәрілік заттардың оңтайлы қорын қалыптастыру және жеткізілімдегі үзілістердің тәуекелін төмендету мақсатында ай сайынғы жеткізілімдерге көшуді ұсынады.
«Біз үшін жеткізілім көлемі ғана емес, әрбір партияның уақытылы жеткізілуі де маңызды. Себебі бұл пациенттердің емінің үздіксіз жүргізілуіне әсер етеді. Сондықтан біз өңірлердегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қалдықтарын күн сайын бақылап, қажет болған жағдайда қорларды медициналық ұйымдар арасында жедел қайта бөлеміз. Мұндай жағдайлар әртүрлі себептерге байланысты туындайды: кейбір жерде қажеттілік нақты болжанбаған болса, кейбір жерде өтінім уақытылы берілмейді, ал кей жағдайда жеткізу мерзімі халықаралық өндірушілерге тәуелді болады. Біздің міндетіміз – осындай жағдайларға барынша жедел әрекет етіп, пациенттерді дәрілік заттармен қамтамасыз етуде іркілістерге жол бермеу.
Сонымен қатар тұрақты негізде логистикалық операторлармен және өңірлік өкілдермен жұмыс кеңестері өткізіліп, жеткізу үдерісінің барлық кезеңдері талданады, әлсіз тұстар анықталып, логистиканың тиімділігін арттыруға бағытталған қажетті шаралар қабылданады. Сондай-ақ қажетті дәрілік заттардың пациенттерге кідіріссіз жетуін қамтамасыз ету үшін цифрлық бақылау құралдарын жетілдіруді жалғастырып келеміз», – деді «СҚ-Фармация» ЖШС басқарушы директоры Николай Палинка.
Айта кетейік, 2025 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап «СҚ-Фармация» бірыңғай тәсілді енгізді: еліміздің барлық өңірлеріне жеткізілімдер әр айдың екінші онкүндігіне дейін орталықтандырылған түрде жүзеге асырылады. Бұл географиялық орналасуына қарамастан дәрілік заттарға кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Бірыңғай дистрибьютор логистиканың ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін заманауи цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізуде. Қазіргі уақытта қойманы басқару жүйесі (WMS) жұмыс істейді. Ол нақты уақыт режимінде дәрілік заттардың қозғалысын, қоймалардағы қалдықтарды және қойма операцияларының дәлдігін бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйелерін сақтау және тасымалдау операторларының жүйелерімен интеграциялау іске қосылды. Деректердің автоматты түрде алмасуының арқасында мамандар логистикалық тізбектің барлық кезеңінде дәрілік заттардың қабылдануын, сақталуын және жөнелтілуін қадағалай алады.
Осы жылдың соңына дейін көліктік логистиканы басқару жүйесін (TMS) енгізу жоспарланып отыр. Бұл жеткізу бағыттарын оңтайландыруға, тасымалдауды бақылауды күшейтуге және шалғай елді мекендерді қоса алғанда, медициналық ұйымдарға дәрілік заттардың бұрынғыдан да жедел жеткізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.