Байланыс орталығы 1439
Жаңалықтар

2027 ЖЫЛҒЫ ХАЛЫҚТЫ ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҮШІН ҚАЖЕТТІ ЖАЛПЫ КӨЛЕМНІҢ 84%-Ы САТЫП АЛЫНДЫ

2027 ЖЫЛҒЫ ХАЛЫҚТЫ ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҮШІН ҚАЖЕТТІ ЖАЛПЫ КӨЛЕМНІҢ 84%-Ы САТЫП АЛЫНДЫ

Бірыңғай дистрибьютор 2027 жылға арналған барлық сатып алу түрлері бойынша сатып алу науқанының бірінші кезеңін қазан айының басында аяқтады. Оның қорытындысы бойынша жоспарланған дәрілік заттар номенклатурасының 84%-дан астамы сатып алынды. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді.

2027 жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберіндегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу науқаны биыл маусым айында басталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш айға ерте. Сатып алу науқанының ерте басталуының нәтижесінде бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша сатып алу көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35%-ға артты.

«Өндірушілерден тікелей сатып алынатын позициялар саны шамамен 3 есеге ұлғайып, экономикалық тиімділігі 40 млрд теңгеден асты және 2025 жылмен салыстырғанда 10 есеге өсті. Бүгінгі күнде қазақстандық өндірушілермен жасалған ұзақ мерзімді шарттар шеңберінде сатып алынған дәрілер 30%-ға өсті. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы арқылы сатып алу нәтижесінде 2026 жылға арналған үнемдеу көлемі – 16 млрд теңгеге жетті, 2025 жылы бұл көрсеткіш – 5,7 млрд теңгені құраған», – деп баяндады Нұрлыбек Асылбеков.

Оның айтуынша, 2024–2026 жылдар аралығындағы сатып алу қорытындысы бойынша жалпы үнем 223 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 84 млрд теңге 2026 жылы үнемделген.

Сатып алу науқанының ерте басталуына байланысты дәрілік заттарды Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына жеткізу биылғы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Ал медициналық ұйымдарға дәрі-дәрмектерді жөнелту 2027 жылғы 5 қаңтардан басталады.

Болжам бойынша, ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған дәрілік заттар номенклатурасының 95%-ына дейін сатып алу көзделіп отыр.