Бүгінде артериалды гипертензия Қазақстанда ең көп таралған аурулардың қатарында. Осы жағдайды ескере отырып, пациенттердің қажетті дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін маңызды бағыттардың бірі.
Тек 2026 жылға Бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» жалпы сомасы 19 млрд теңгеден асатын, әртүрлі дозадағы 20-дан астам дәрілік зат атауын сатып алды. Олардың қатарында — Бисопролол, Индапамид, Моксонидин, Амлодипин, Кандесартан, Эналаприл және басқа да препараттар.
Қазіргі таңда артериалды гипертензияны емдеуге арналған барлық дәрілік препараттар еліміздің барлық өңірлеріндегі медициналық ұйымдарда қолжетімді. Оларды жеткізу медициналық ұйымдардың өтінімдеріне сәйкес тұрақты түрде жүзеге асырылады.
Артериалды гипертензия, яғни күнделікті өмірде гипертония деп аталатын жағдай — қан тамырларындағы қан қысымының қалыпты көрсеткіштерден жоғары болуы. Бұл жағдай кең таралған, алайда емделмеген жағдайда ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Артериялық қысымның жоғарылау қаупін арттыратын факторларға тұқым қуалаушылық, егде жас, артық дене салмағы, дене белсенділігінің жеткіліксіздігі, тұзды шамадан тыс тұтыну, алкоголь мен темекі өнімдерін пайдалану жатады. Гипертония инфаркт, инсульт, бүйректің созылмалы аурулары және деменцияның негізгі себептерінің бірі болып табылады.
Артериалды қысымды төмендетуге өмір салтын өзгерту, атап айтқанда, дұрыс тамақтануға көшу, темекіден бас тарту және дене белсенділігін арттыру көмектеседі. Сонымен қатар кейбір адамдарға дәрілік препараттарды қабылдау қажет болуы мүмкін.
Еш жағдайда өзін-өзі емдеумен айналысып, дәрілік препараттарды өз бетінше қабылдауға болмайды. Дәрілік препараттарды тағайындауды пациенттің медициналық көрсеткіштерін ескере отырып, емдеуші дәрігер жүзеге асырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, артериалды гипертензияны дәрілік заттармен емдеу қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы экономикалық тұрғыдан тиімді құралдардың бірі болып табылады.
Айта кетейік, Бірыңғай дистрибьютор дәрілік заттарды медициналық ұйымдардың өтінімдері негізінде сатып алады. Медициналық ұйымдар қажетті дәрілік заттардың санын, атауын, дозасын, дәрілік түрін және жеткізу кестесін өздері көрсетеді.
Барлық сатып алулар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларына қатаң сәйкес жүзеге асырылады (ҚР ДСМ-нің 2023 жылғы 7 маусымдағы №110 бұйрығы).
Барлық сатып алынған дәрілік препараттардың белгіленген талаптарға сәйкес келетінін және сапасы, қауіпсіздігі мен тиімділігі бойынша қажетті сараптамадан өткенін атап өткен жөн.
Егер нақты жағдайда пациентке тағайындалған препарат берілмеген болса, «СҚ-Фармация» Бірыңғай дистрибьюторының 1439 тегін нөмірі арқылы Контакт-орталығына немесе ресми сайтта орналастырылған арнайы чат-боттар арқылы жүгінуге болады: https://sk-pharmacy.kz/