«СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков Қытайдың Guangdong Shuanglin Bio-pharmacy Co., Ltd фармацевтикалық компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасарының міндетін атқарушы Айгүл Катренова, Бірыңғай дистрибьютордың басқарма мүшелері мен құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Қытай делегациясының сапарының негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасындағы дәрілік заттар айналымын мемлекеттік реттеу жүйесімен және халықты дәрілік қамтамасыз ету тетіктерімен танысу болды. Болашақта компания өз өнімдерін Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өткізіп, кейіннен өндірісті жергіліктендіру мүмкіндігін қарастыруда.
Guangdong Shuanglin Bio-pharmacy Co., Ltd компаниясының бас директоры Янь Чэнь кәсіпорынның құрылу тарихы мен негізгі қызмет бағыттары туралы баяндады. Компания 1995 жылы құрылған және қан препараттарын ғылыми зерттеу, әзірлеу, өндіру және өткізу жұмыстарын жүзеге асыратын жоғары технологиялы ұлттық кәсіпорын болып табылады.
Компания құрылымында 19 плазмаферез станциясы жұмыс істейді. Өндіріс GMP халықаралық стандартына сәйкес сертификатталған және өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрі инфекциялардың берілу қаупін барынша азайтуға бағытталған сапаны бақылаудың толық циклін қамтиды. Компанияның мәліметінше, 30 жылдық қызметі барысында оның препараттарын қолдануға байланысты пациенттердің жұқтыру жағдайлары немесе ауыр жағымсыз реакциялар тіркелмеген.
Янь Чэнь компанияның қан препараттарының үш негізгі санатын – альбуминдерді, иммуноглобулиндерді және қанның ұю факторларын өндіретінін атап өтті. Өнім желісі 18 түрлі спецификациядағы сегіз препараттан тұрады. Олар иммундық ауруларды, қан ұюының бұзылыстарын, ауыр клиникалық жағдайларды, бауыр циррозын, геморрагиялық шокты және басқа да ауруларды емдеуде қолданылады.
Guangdong Shuanglin Bio-pharmacy Co., Ltd өкілдерінің айтуынша, компания өнімдері Пәкістан мен Бразилияда тіркелген. Сонымен қатар Ресей, Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері және Қазақстан нарықтарына шығу мүмкіндігі қарастырылуда. Бас директордың айтуынша, компания Қазақстанда өнімдерін мемлекеттік тіркеуден өткізіп, кейін ішкі нарыққа шығуға мүдделі.
«СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков қытайлық компания өкілдеріне Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдірді. Ол қан препараттары, әсіресе иммуноглобулиндер мен альбуминдердің сұранысқа ие әрі пациенттер үшін аса қажетті дәрілік заттар екенін атап өтті.
«Бірыңғай дистрибьютор үшін дәрілік заттардың сапасы, қауіпсіздігі және баға жағынан қолжетімділігі негізгі өлшемдер болып табылады. Бүгінде Қазақстанның дәрілік заттар айналымын реттеудің ұлттық жүйесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша жетілудің үшінші деңгейіне жетті. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар Қазақстан Еуропа өңірінде жетілудің үшінші деңгейіне қол жеткізген төртінші мемлекет болып отыр. Сіздердің компанияларыңызда сапаны бақылаудың тиімді жүйесі қалыптасқанын және өнімдеріңіздің Пәкістан мен Бразилияда тіркелгенін көріп отырмыз. Препараттардың АҚШ-та немесе Еуропалық одақ елдерінде тіркелуі қосымша артықшылық болар еді. Сондай-ақ біз үшін өндірісті Қазақстанда жергіліктендіру перспективалары да маңызды», – деді Нұрлыбек Асылбеков.
Ол сондай-ақ Бірыңғай дистрибьютордың қызметі туралы айтып, «СҚ-Фармация» мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде, яғни бюджет қаражаты мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен медициналық ұйымдар үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды орталықтандырылған сатып алуды жүзеге асыратынын атап өтті. Қазіргі таңда компания республика бойынша орналасқан 15 қоймадан тұратын желі арқылы 1 800-ден астам медициналық ұйымды қамтамасыз етеді. Дәрілік заттар стационарлар мен емханаларға жеткізіледі, алайда бөлшек дәріханаларды қамтамасыз ету Бірыңғай дистрибьютордың құзыретіне кірмейді. Өнім мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін өндіруші өз препараттарын бөлшек дәріхана желісі арқылы да бәсекелі нарықта өткізе алады.
Бірыңғай дистрибьютор басшысы ұйымның негізгі мақсаты қажеттілік көлемдерін біріктіру арқылы бюджет қаражатын үнемді әрі тиімді пайдалану, барлық тапсырыс берушілер үшін бірыңғай баға қалыптастыру және сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Нұрлыбек Асылбеков Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алуларға қатысу үшін дәрілік препарат Формулярлық комиссияның қарауынан өтіп, тиісті дәрілік заттар тізбесіне енгізілуі тиіс екенін де түсіндірді.
«Біз препараттарды мемлекеттік тіркеу, өндірісті жергіліктендіру, фармацевтика саласын мемлекеттік қолдау шаралары және препараттарды Бірыңғай дистрибьютордың тізбесіне енгізу рәсімдері бойынша қажетті ақпаратты ұсынуға дайынбыз. Сонымен қатар қазіргі уақытта Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен және Орталық Азия мемлекеттерімен мемлекетаралық сатып алу тетігі пысықталуда. Бұл алдағы уақытта өнім экспортын кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер ашуы мүмкін», – деп атап өтті ол.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалог үшін өзара алғыс білдіріп, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін жеткізді. Guangdong Shuanglin Bio-pharmacy Co., Ltd өкілдері Қазақстан нарығына шығуға мүдделі екенін және ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін қажетті мемлекеттік тіркеу рәсімдерінен өтуге ниетті екенін растады.