Байланыс орталығы 1439
  • АСТАНАДА ӨЗБЕКСТАН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ САТЫП АЛУ ОРТАЛЫҒЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жаңалықтар
17.06.2026

АСТАНАДА ӨЗБЕКСТАН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ САТЫП АЛУ ОРТАЛЫҒЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Бірыңғай дистрибьютор алаңында Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Сатып алулар орталығы» мемлекеттік мекемесінің өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.

Өзбекстан делегациясы Астанаға Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірлесіп сатып алу жобасын іске асыру перспективаларын талқылау, сондай-ақ сатып алу қызметін ұйымдастыру және жүргізу саласында «СҚ-Фармация» ЖШС тәжірибесімен танысу мақсатында келді.

«Сатып алулар орталығы» ММ Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйым болып табылады және ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктері үшін дәрілік заттарды, медициналық техниканы және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қызметін жүзеге асырады.

Кездесуді ашқан «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма мүшесі – басқарушы директоры Жанайдар Мусин қатысушыларды қарсы алып, өзбек тарапының ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен сатып алулар жобасы бойынша жұмысты жалғастыруға қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді.

Ж. Мусиннің айтуынша, бүгінде Қазақстан Республикасының Үкіметі ұлттық фармацевтика және медициналық өнеркәсіпті дамытуға ерекше назар аударып отыр. Осы бағытта өндірістік қуаттарды салу және жаңғырту бойынша бірқатар фармацевтикалық компаниялармен инвестициялар туралы келісімдер мақұлданған. Бұл шаралар фармацевтикалық өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыруға және елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар, Бірыңғай дистрибьютор отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жасасу тетіктері арқылы ұлттық фармацевтика саласын қолдап келеді. Бұдан бөлек, Pfizer, Roche және AstraZeneca секілді әлемдік фармацевтикалық алпауыттармен жергіліктендірілген келісімшарттық өндіріс шеңберінде шарттар жасалған.

Ол халықты дәрілік заттармен уақтылы қамтамасыз ету мәселесі әрдайым басымдыққа ие екенін атап өтіп, осыған байланысты шетелдік және отандық компаниялармен тұрақты түрде келіссөздер жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ бүгінгі таңда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен бірлескен халықаралық сатып алулар мәселесі өзекті болып отырғанын жеткізді.

Келіссөздер барысында өзбек тарапы Бірыңғай дистрибьютор арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды орталықтандырылған сатып алудың негізгі тетіктерімен таныстырылды. «СҚ-Фармация» өкілдерінің мәліметінше, компания жыл сайын еліміз бойынша 1 800-ден астам медициналық ұйымның өтінімдері негізінде 2 мыңнан астам атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алады.

Бірыңғай дистрибьютордың логистикалық желісіне Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларындағы төрт ірі хаб, сондай-ақ өңірлердегі 11 операциялық қойма кіреді. Қойма инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында «СҚ-Фармация» Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Семей және Ақтау қалаларында заманауи логистикалық хабтар салуды жоспарлап отыр. Алғашқы жобаны Ақтөбе қаласында 2027 жылы іске асыру көзделген.

Кездесу барысында Бірыңғай дистрибьютор қызметін цифрлық трансформациялау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атқарушы директор Әлібек Жанахметов бизнес-процестерді қайта инжинирингтеу, қойма және көлік логистикасын басқару жүйелерін (WMS және TMS) интеграциялау, үлкен деректерді талдау үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу, пациенттермен жедел кері байланыс орнату мақсатында Telegram және WhatsApp мессенджерлерінде чат-боттарды іске қосу, сондай-ақ байланыс орталығын жаңғырту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Сонымен қатар, өзбек делегациясына «СҚ-Фармацияның» ақпараттық жүйелерінің архитектурасы және медициналық ұйымдардың өтінімдерін қабылдау мен өңдеудің барлық кезеңдері көрсетілді.

Елдер арасындағы бірлескен сатып алу жобасын іске асыру жөніндегі ұсыныстармен «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма мүшесі – басқарушы директоры Самат Рамазанов егжей-тегжейлі таныстырды.

Ол бірлескен сатып алулардың мемлекеттерге заманауи дәрілік препараттарға әділ қолжетімділікті қамтамасыз ететін халықаралық деңгейде мойындалған тәжірибе екенін атап өтті. Мысал ретінде Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесінің моделін келтірді. Бұл елдер 7 мыңнан астам дәрілік зат атауын орталықтандырылған түрде сатып алып, нәтижесінде бағаларды орта есеппен 30 пайызға төмендетуге қол жеткізген.

Сондай-ақ Скандинавиялық альянсқа мүше Норвегия, Дания және Исландия инновациялық және орфандық препараттар бойынша бірлескен тендерлер өткізіп, тәуекелдерді бөлісу және монополист өндірушілердің баға қысымын азайту тәжірибесін табысты қолдануда.

Халықаралық сатып алулар Қазақстан мен Өзбекстанның сұраныс көлемдерін біріктіруге, неғұрлым тиімді бағаларға қол жеткізуге, бюджет қаражатын оңтайландыруға, дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға және өңірлік дәрілік қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.

«Фармацевтикалық өндіріс сериялық шығарылым көлеміне тікелей тәуелді. Біздің елдердің өтінімдерін біріктіру арқылы сатып алу лоттарының көлемі бірнеше есе артады. Бұл ірі зауыттарға өнімнің бірлік құнын төмендетуге және бөлек сатып алулар кезінде қол жеткізу мүмкін емес эксклюзивті жеңілдіктер ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, екі елдің біріктірілген қажеттілігі түпнұсқа инновациялық өнімдердің ортақ нарығымызға шығуына коммерциялық қызығушылық қалыптастырады. Ал сирек кездесетін ауруларға арналған орфандық препараттардың аз көлемі жағдайында өндірушілер үшін оларды бір ғана елде тіркеп, жеткізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз», – деді Самат Рамазанов.

Презентация барысында ол мемлекетаралық сатып алулар тетігін іске асыру мемлекеттік сатып алу туралы ұлттық заңнамалардағы, емдеу стандарттарындағы, валюталық реттеудегі, баға белгілеудегі және логистикадағы айырмашылықтарды ескеруді талап ететін аса күрделі процесс екенін атап өтті.

С. Рамазанов Өзбекстанның Сатып алулар орталығы өкілдеріне бірлескен жұмыс тобын құруды және 30–50 позициядан тұратын пилоттық дәрілік заттар тізбесін қалыптастыруды, нормативтік-құқықтық базаны үйлестіруді, алғашқы бірлескен сауда-саттықтарды өткізуді, экономикалық тиімділікті бағалауды және мемлекетаралық сатып алуларды ұйымдастырудың өзге де аспектілерін қамтитын кезең-кезеңімен іске асырылатын іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді ұсынды.

Кездесудің алғашқы күнінің қорытындысы бойынша тараптар халықты дәрілік қамтамасыз ету саласындағы әріптестікті нығайту мүмкіндіктерін одан әрі қарастыруға өзара мүдделі екендіктерін растады.

Бірыңғай дистрибьютор басшылығы ашық, жан-жақты және кәсіби диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.

18 маусым күні өзбек делегациясының Астанаға сапарының екінші күні өтеді. Ол Бірыңғай дистрибьютормен тәжірибе алмасуға және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекетаралық сатып алу саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылауға арналады.

Дереккөз: "СҚ-Фармация" ЖШС баспасөз қызметі
Посмотреть еще