Байланыс орталығы 1439
  • БІРЫҢҒАЙ ДИСТРИБЬЮТОР ТМККК ЖӘНЕ МӘМС АЯСЫНДА ПАЦИЕНТТЕРДІ ДӘРІЛІК ЗАТТАРМЕН ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ БҰЙЫМДАРМЕН ҚАЛАЙ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ
Жаңалықтар
06.08.2026

БІРЫҢҒАЙ ДИСТРИБЬЮТОР ТМККК ЖӘНЕ МӘМС АЯСЫНДА ПАЦИЕНТТЕРДІ ДӘРІЛІК ЗАТТАРМЕН ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ БҰЙЫМДАРМЕН ҚАЛАЙ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгіленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы.

Осындай мемлекеттік кепілдіктердің бірі – пациенттерді дәрілік заттармен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда мемлекет азаматтарға дәрілік заттарды амбулаториялық деңгейде емханалар арқылы да, стационарлық емдеу кезінде де медициналық көмектің екі пакеті – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында ұсынады.

Бұл жарияланымда «СҚ-Фармация» ЖШС-нің ТМККК және МӘМС шеңберінде пациенттерді дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету үшін сатып алуды қалай жүзеге асыратыны туралы баяндаймыз. Бұл үдеріс қоғам тарапынан әрдайым жоғары қызығушылық тудыратындықтан, оның негізгі кезеңдері, қағидаттары мен тетіктеріне тоқталамыз.

Ең алдымен, Бірыңғай дистрибьютор қандай дәрілік заттарды, кім үшін және қандай көлемде сатып алу қажеттігін өз бетінше айқындамайтынын атап өткен жөн.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу тек медициналық ұйымдардың берген өтінімдері негізінде жүзеге асырылады. Өтінімдерде:

  • қандай дәрілік препараттар қажет екені (халықаралық патенттелмеген атауы бойынша);
  • қажетті көлемі;
  • дозасы мен дәрілік түрі;
  • жеткізу мерзімі көрсетіледі.

Барлық сатып алу рәсімдері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы 7 маусымдағы №110 бұйрығымен бекітілген

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларына қатаң сәйкес жүргізіледі.

Бүгінде «СҚ-Фармация» арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу төрт тәсілмен жүзеге асырылады:

  • өндірушілерден баға ұсыныстарын сұрату арқылы тікелей сатып алу;
  • қазақстандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жасасу;
  • халықаралық ұйымдар (БҰҰДБ, ЮНИСЕФ, СТОП ТБ) арқылы сатып алу;
  • веб-портал арқылы өткізілетін тендер.

Айта кету керек, тендер сатып алудың бастапқы кезеңі емес. Ол сатып алу жоғарыда аталған алғашқы үш тәсілмен жүзеге аспаған жағдайда ғана өткізіледі.

Тендерлік сатып алулар «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-ның сатып алу веб-порталы арқылы электрондық форматта өткізіледі. Бұл ретте белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өтінімдердің қатысуына жол берілмейді.

Әлеуетті өнім берушілер белгіленген талаптарға сай болуы тиіс. Конкурсқа комиссия өтінімдерін хабарландыру талаптары мен Қағидаларға сәйкес деп таныған қатысушылар ғана жіберіледі.

Аукционның жеңімпазы ең төмен бағаны ұсынған өнім беруші болып танылады. Егер белгілі бір лот бойынша бәсекелестік болмаса, талаптарға толық сәйкес келетін өтінім берген өнім беруші жеңімпаз атанады. Жеңімпаз веб-портал арқылы автоматты түрде анықталады, бұл адами фактордың ықпалын болдырмайды.

Сатып алу рәсімдерін жеңілдету және оңтайландыру мақсатында веб-порталда деректерді қолмен енгізу көлемін азайтатын, үдерістердің ашықтығын арттыратын және қателіктер тәуекелін төмендететін автоматтандырылған шешімдер енгізілген. Сонымен қатар портал негізгі мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланған.

Қазіргі уақытта сатып алу жүйесінің басымдығы өндірушілермен тікелей шарттар жасауға ауысып отыр. Бұл қазақстандық кәсіпорындармен қатар әлемнің жетекші фармацевтикалық компанияларын да қамтиды.

Егер бұрын импорттық дәрілік препараттар жергілікті дистрибьюторлар арқылы өткізілетін тендерлер негізінде сатып алынса, 2025 жылдан бастап зауыт-өндірушілерден тікелей баға ұсыныстарын сұрату тетігі енгізілді. Бұл делдалдар тізбегін қысқартуға, баға қалыптастырудың ашықтығын арттыруға және келіссөздердің тиімділігін күшейтуге мүмкіндік берді.

Егер 2025 жылғы сатып алу науқаны аясында 32 өндірушімен 182 атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізуге тікелей шарттар жасалса, 2026 жылғы науқанда біз 45 өндірушімен жұмыс істеп отырмыз, ал тікелей сатып алынатын атаулар саны 411-ге дейін өсті. Осылайша, тікелей сатып алу көлемі екі еседен астам артты.

Қазіргі уақытта 2027 жылға арналған сатып алу науқаны белсенді түрде жүргізілуде және оның басты басымдығы – тікелей сатып алуды кеңейту.

Сонымен қатар жаңа тетік – мемлекетаралық сатып алу жүйесі енгізілуде. Бұл тәсіл екі немесе одан да көп елдің қажеттіліктерін орталықтандырылған түрде біріктіруді көздейді. Мұндай модель сапалы дәрілік заттардың қолжетімділігін арттырып, оларды тиімдірек бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.

Өткен жылдың күзінен бастап «СҚ-Фармация» Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен сатып алу саласындағы ынтымақтастықты дамытуда. Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасымен бірлескен сатып алу жобалары бастамашылық етілді. Бүгінгі таңда аталған мемлекеттермен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірлесіп сатып алу саласындағы өзара іс-қимыл туралы бірқатар құжаттарға қол қойылды.

 

Дереккөз: "СҚ-Фармация" ЖШС баспасөз қызметі
Посмотреть еще