«СҚ-Фармация» алаңында Vantage Clinical Solutions және Plenty Biologics компанияларының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу Қазақстан Республикасында биосимилярлар өндірісін оқшаулау перспективаларына, келісімшарттық өндіріс шеңберіндегі ынтымақтастық мүмкіндіктеріне, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимылға арналды.
Vantage Clinical Solutions – клиникалық зерттеулерді ұйымдастыруға және өткізуге маманданған технологиялық платформа. Компания Ұлыбритания/Джерсида орналасқан, терапиялық моноклоналды антиденелердің биосимилярларын әзірлеумен айналысатын халықаралық Plenty Biologics компаниясымен ынтымақтастық орнатқан. Plenty Biologics зияткерлік меншік құқықтарын сақтай отырып, биосимилярларды тиімді әзірлеуге арналған жеке платформасын дамытып келеді және әзірлеу мен клиникалық зерттеулерді жүргізуден бастап өндірісіне дейінгі толық циклді қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл ретте Vantage Clinical Solutions Қазақстан Республикасында клиникалық зерттеулер жүргізу бойынша Plenty Biologics компаниясының стратегиялық серіктесі болып табылады.
Кездесу барысында Бірыңғай дистрибьютордың өкілдері отандық фармацевтикалық өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ дәрілік заттардың айналысын реттеудің ұлттық жүйесінің ерекшеліктері туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, жаңа дәрілік заттарды «бір терезе» қағидаты бойынша композиттік мемлекеттік қызмет шеңберінде тіркеу мүмкіндігі атап өтілді. Қызмет көрсету мерзімі 100 жұмыс күніне дейін. Сонымен қатар препараттың FDA, EMA немесе басқа да танылған халықаралық реттеуші жүйелерде тіркелуінің болуы қосымша артықшылық болып табылады.
Биосимилярларды әзірлеу мен өндіру күрделі әрі көп капиталды қажет ететін процесс екені де атап өтілді. Осыған байланысты Қазақстан заманауи дәрілік заттардың ішкі нарығын кеңейтуге және олардың пациенттер үшін қолжетімділігін арттыруға мүдделі.
Plenty Biologics және Vantage Clinical Solutions өкілдері қажетті технологиялық құзыреттері мен инвестициялық мүмкіндіктері бар екенін, сондай-ақ Қазақстанның фармацевтикалық нарығын зерделеуге қызығушылық танытып отырғанын хабарлады. Алдағы ынтымақтастық шеңберінде компаниялар биосимилярларға қажеттілік жоғары бағыттарды айқындауды жоспарлап отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өндірісті оқшаулау перспективаларын және ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын зерделеу бойынша жұмысты жалғастыруға келісті. Компания өкілдері сындарлы диалог үшін алғыс білдіріп, одан әрі өзара іс-қимылға қызығушылықтарын атап өтті.