НҰРЛЫБЕК АСЫЛБЕКОВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Нұрлыбек Әбібуллаұлы Асылбеков Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды.
Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Нұрлыбек Әбібуллаұлы 2025 жылғы 3 шілдеден бастап «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы қызметін атқарды.
Нұрлыбек Әбібуллаұлы Асылбеков 1966 жылы 24 маусымда Шымкент облысы Шәуілдір ауданының Ағынтоғай ауылында (қазіргі Түркістан облысы) дүниеге келген.
1990 жылы Алма-ата мемлекеттік медицина Институтын «Фармация» мамандығы бойынша, 2003 жылы М. Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша, ал 2006 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1990 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының «Фармация» аудандық өндірістік кәсіпорнында провизор-технолог болып бастаған.
1991–2000 жылдары фармацевтикалық қамтамасыз ету жүйесінде түрлі лауазымдарда, соның ішінде «Фармация» аудандық кәсіпорны директорының орынбасары және «Фармация» ААҚ ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі бас маманы қызметтерін атқарған.
2000–2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Әкімінің аппаратында қызмет атқарған.
2002–2012 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің орталық аппаратында басшылық қызметтер атқарып, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында медициналық және фармацевтикалық бақылау функцияларын жүзеге асыратын аумақтық бөлімшелерді басқарған.
2012–2015 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде бас сарапшы және бас инспектор лауазымдарында жұмыс істеген.
2015–2017 жылдары Астана қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментін, кейіннен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментін басқарған.
2017–2022 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті мемлекеттік бақылау жүйесінде басшылық қызметтер атқарған. Атап айтқанда, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық департаменттің басшысы болған.
2022–2025 жылдары Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарған.
«Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 30 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, сондай-ақ «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Денсаулық сақтау, фармацевтикалық қамтамасыз ету, мемлекеттік реттеу және басқару салаларында мол тәжірибесі бар.
«СҚ-Фармация» ЖШС ұжымы Нұрлыбек Әбібуллаұлын Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау вице-министрі лауазымына тағайындалуымен шын жүректен құттықтайды!
Жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі, жоғары кәсібилігі мен денсаулық сақтау жүйесін терең білуі жаңа жауапты қызметінде табысты еңбек етуіне берік негіз болады деп сенеміз.
Нұрлыбек Әбібуллаұлына зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, жаңа кәсіби жетістіктер мен еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамыту және халықтың игілігі жолындағы жауапты міндеттерді абыроймен атқаруына толағай табыс тілейміз!