Байланыс орталығы 1439
Жаңалықтар

РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА «СҚ-ФАРМАЦИЯ» ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА «СҚ-ФАРМАЦИЯ» ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Республика күні қарсаңында «СҚ-Фармация» ЖШС-де Қазақстанның басты мемлекеттік мерекелерінің бірі – Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Кәсібилігі, адал еңбегі және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін компания қызметкерлері ведомстволық наградалармен, Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.

Құттықтау сөзінде «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков Республика күнінің маңыздылығына тоқталып, бұл мерекенің халық бірлігін, ел тәуелсіздігін және мемлекет болашағы үшін ортақ жауапкершілікті білдіретінін атап өтті.

Ол тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның елеулі жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің халықаралық аренадағы орны нығайып келе жатқанын бірнеше рет атап өткен. Бүгінде Қазақстанды орта держава ретінде сипаттау жиілеп, оның халықаралық ықпалы мен экономикалық әлеуеті артып келеді.

«Қазақстанның өркендеуі әрбір саланың дамуына және азаматтардың адал еңбегіне байланысты. Денсаулық сақтау саласы халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Елдің дамуына өз үлесін қоса отырып, «СҚ-Фармация» ұжымы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу және жеткізу жүйесін жетілдіріп, медициналық ұйымдардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізуде.

Ұжымның үйлесімді жұмысының арқасында оң динамиканы байқап, алға жылжып келеміз. Сонымен қатар цифрландыру, қойма инфрақұрылымын дамыту және мемлекетаралық сатып алуды жолға қою бағыттарында ауқымды міндеттер күтіп тұр.

Баршаңызға ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс, зор денсаулық және отбасыларыңызға амандық тілеймін. Қазақстанымыз өркендеп, сенімді дамып, азаматтарымыз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол аша берсін», – деді Нұрлыбек Асылбеков.

Іс-шараның маңызды бөлігі қызметкерлерді марапаттау рәсімі болды.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі атынан мына қызметкерлер марапатталды:

  • «Санжар Асфендияров» медалімен – бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу басқармасының бастығы Ермек Нұғманов;
  • «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен – бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу басқармасының инженер-бағдарламашысы Талғат Джанғабылов;
  • Құрмет грамоталарымен – стратегия және жедел талдау басқармасының бастығы Гаухар Аспандиярова және құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бас менеджері Абай Балабай;
  • Алғыс хаттармен – мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша маман Елжан Иманбаев және өндірістік талдау басқармасының бас менеджері Зарина Утемисова.

Сонымен қатар компанияның бірқатар қызметкері «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасының атынан Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды.

Республика күні – мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңдерін еске алумен қатар, еңбегі ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдіретін маңызды мереке. Компанияның әрбір жетістігінің негізінде қызметкерлердің кәсібилігі, жауапкершілігі және өз ісіне адалдығы жатыр.