Байланыс орталығы 1439
Жаңалықтар
22.07.2026

СҚ-ФАРМАЦИЯ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУЛАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУДА: ЖАРТЫ ЖЫЛДА 68 МЛРД ТЕҢГЕ ҮНЕМДЕЛДІ

«СҚ-Фармация» ЖШС дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігін арттыруды жалғастыруда. Сатып алу рәсімдерін жетілдірудің нәтижесінде пациенттерді қажетті дәрілік заттармен уақтылы қамтамасыз ету және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану қатар жүзеге асырылуда.

2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша сатып алуға жататын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар позицияларының 91%-ы сатып алынды. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11%-ға жоғары (80%), ал 2024 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 2%-ға жоғары (89%).

Сатып алу жүйесінің тиімділігін арттыру мемлекеттік қаражатты үнемдеуге тікелей ықпал етуде. Егер 2024 жылдың қорытындысы бойынша үнемдеу көлемі 50 млрд теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 75 млрд теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айының өзінде 68 млрд теңге үнемделді.

«Мемлекеттік сатып алулар тиімділігінің артуы – сатып алу рәсімдерін жүйелі түрде жетілдірудің, өндірушілермен тікелей ынтымақтастықты кеңейтудің және қажеттілікті дәлірек жоспарлаудың нәтижесі. Біз үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды уақтылы жеткізумен қатар, бюджет қаражатының әрбір теңгесін барынша тиімді пайдалану маңызды. Үнемделген қаражат дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға, өмірлік маңызы бар препараттардың төмендетілмейтін қорын қалыптастыруға және ықтимал төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – дейді «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың төмендетілмейтін қорын қалыптастыру да басым бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл пациенттерді қамтамасыз етудегі іркілістер тәуекелін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Егер 2024 жылы резервке 1,9 млрд теңгеге 8 атау сатып алынған болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 39,7 млрд теңгеге 362 атауға дейін өсті. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы сомасы 18 млрд теңгеге 269 атау бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қоры қалыптастырылды.

Жүзеге асырылып жатқан шаралар дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын одан әрі нығайтуға, әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттардың тапшылығы тәуекелдерін төмендетуге және пациенттерді қажетті дәрілік заттармен толық көлемде әрі жедел қамтамасыз етуге бағытталған.

Дереккөз: "СҚ-Фармация" ЖШС баспасөз қызметі
Посмотреть еще