Түркия Республикасына жұмыс сапары аясында «СҚ-Фармация» делегациясы Түркияның Денсаулық сақтау министрлігі, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жөніндегі түрік агенттігі (TİTCK), Мемлекеттік жабдықтау басқармасы, Şekerlisoy Holding және фармацевтикалық дистрибьюторлық компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Іс-шараларға «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның Түркиядағы өкілі де қатысты.
Сапардың негізгі бағыттарының бірі дәрілік заттармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру, мемлекеттік сатып алу және жеткізу тізбегін басқару саласындағы түрік тәжірибесін зерделеу болды. Кездесулер барысында тараптар сатып алуды жоспарлау, отандық өндірушілерді қолдау, қойма қорларын басқару, логистика және өнімнің цифрлық қадағалануы мәселелерін талқылады.
Şekerlisoy Holding компаниясымен өткен кездесуде компанияның бас директоры Онур Шекерлисой түрік тарапының сақтау және дистрибуция инфрақұрылымын дамыту тәсілдерімен таныстырды.
Şekerlisoy Holding өз қызметін төрт негізгі бағыт бойынша жүзеге асырады: денсаулық сақтау, жылжымайтын мүлік, туризм және кәсіпкерлік капитал.
Кездесу барысында компанияның Қазақстанның 18 елді мекенінде қойма нысандарының желісін құру жөніндегі жоспарына ерекше назар аударылды. Бұл жоба дәрілік заттарды сақтау және тарату үшін қосымша инфрақұрылымдық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бірыңғай дистрибьютор үшін дәрілік заттармен қамтамасыз етуді цифрлық басқару саласындағы Түркияның тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды. Түркияның Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мен Агенттік басшысы Хюсейн Челик «СҚ-Фармация» делегациясын дәрілік заттарды қадағалау және олардың айналымын бақылау жүйесінің (İTS), сондай-ақ өнімдерді қадағалау жүйесінің (ÜTS) жұмысымен таныстырды. Бұл жүйелер дәрілік заттар мен медициналық өнімдердің айналымының әртүрлі кезеңдерінде олардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Түрік тарапы сондай-ақ сұранысты болжау, қорларды басқару және жеткізу тәуекелдерін бағалау үшін İTS деректерін, цифрлық талдау құралдарын және жасанды интеллект технологияларын пайдалану тәжірибесін таныстырды. «СҚ-Фармация» үшін бұл тәжірибе бизнес-талдау және жасанды интеллект саласындағы заманауи шешімдерді енгізу жұмыстары тұрғысынан практикалық маңызға ие. Мұндай технологияларды пайдалану қажеттілікті жоспарлау дәлдігін арттыруға, қорларды басқару тиімділігін жақсартуға және жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сапар аясында «СҚ-Фармация» делегациясына Akyurt Pharma компаниясының өндірістік алаңы таныстырылды. Кәсіпорын директоры Эмре Сойлу кездесуге онлайн форматта қатысты. Қазақстандық тарап компанияның өндірістік мүмкіндіктерімен, сондай-ақ Қазақстанда таблетка түріндегі препараттарды, құтылар мен ампулалардағы дәрілік заттарды, сондай-ақ моноклоналды антиденелер (mAb) мен рекомбинантты ақуыздарды қоса алғанда, биофармацевтикалық өнімдерді өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларымен танысты.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар тәжірибе алмасуды және техникалық өзара іс-қимылды жалғастыруға мүдделі екенін растады. Алдағы жұмыстың басым бағыттарына дәрілік заттар логистикасы мен қойма инфрақұрылымын дамыту, процестерді цифрландыру, сатып алу тетіктерін жетілдіру және фармацевтикалық өндірісті дамыту кіреді.