Байланыс орталығы 1439
  • СҚ-Фармация және AstraZeneca Қазақстанда ынтымақтастықты кеңейту және өндірісті жергіліктендіру келешегін талқылады
Жаңалықтар
04.08.2025

СҚ-Фармация және AstraZeneca Қазақстанда ынтымақтастықты кеңейту және өндірісті жергіліктендіру келешегін талқылады

Тараптар инвестициялық келісім, дәрілік заттарды жеткізу және фармацевтикалық нарықтағы кедергілерді еңсеру мәселелерін қарастырды.

Бірыңғай дистрибьютор алаңында «СҚ-Фармация» ЖШС басшылығы мен «AstraZeneca» британдық-швед фармацевтикалық компаниясының өкілдері арасында кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын және компанияның Қазақстан фармацевтикалық нарығына шығу мәселелерін талқылады.

Диалог аясында Инвестициялар туралы келісім (ИТК) жасау мүмкіндіктеріне, дәрілік заттарды өндіруді жергіліктендіруге, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың келешегіне ерекше назар аударылды.

Айта кету керек, ұзақ мерзімді шарт аясында «AstraZeneca» оригиналды «Форсига» дәрі-дәрмегін отандық өндіруші – «Нобел Алматылық Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ базасында өндіру және жеткізуді жоспарлап отыр.

«СҚ-Фармация» Бірыңғай дистрибьютор ретінде сатып алудың ашық әрі айқын жүйесін қалыптастыру, өндірушілермен ұзақ мерзімді серіктестікті қолдау және Қазақстанның фармацевтика саласына инвестиция тарту мен өндірісті жергіліктендіруді ынталандыратын тетіктерді енгізу бағытында дәйекті жұмыс жүргізуде», – деп атап өтті Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков.

«AstraZeneca» өкілдері инновациялық дәрілер портфелін таныстырып, өндірісті жергіліктендірудің жаһандық тәжірибесі туралы айтып берді және Қазақстан нарығындағы өз қатысуын кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді. Сонымен қатар, ұзақ мерзімді келісімдер жасасуға әсер ететін бірқатар кедергілер, атап айтқанда кейбір атаулар бойынша CT-KZ шыққан ел сертификаттарының болмауы мәселесі көтерілді.

«Нәтижелі кездесу үшін алғысымызды білдіреміз. Қазақстан нарығында жүйелі түрде жұмыс істеуге мүдделіміз. Белгілі бір әкімшілік мәселелер шешілетін болса, біз қатысуымызды кеңейтуге дайынбыз», – деп атап өтті «AstraZenecaKazakhstan» компаниясының Сыртқы коммуникациялар жөніндегі директоры Арсен Насырханов.

Тараптар қазіргі шектеулерді жою және өндірісті Қазақстанда жергіліктендіру бойынша рәсімдерді жандандыру тетіктерін бірлесіп пысықтауды жалғастыруға келісті.

Айта кетейік, Бірыңғай дистрибьютор қазіргі уақытта да уәкілетті органмен, оған бағынысты ұйымдармен және халықаралық серіктестермен бірлесіп, қазақстандық пациенттер үшін заманауи дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру және елдің фармацевтикалық саласын нығайту мақсатында жұмысты жалғастыруда.

Посмотреть еще