Байланыс орталығы 1439
Жаңалықтар
05.08.2025

БАСТЫ НАЗАРДА – ДЕНСАУЛЫҚ: ОРФАНДЫҚ АУРУЛАРЫ БАР НАУҚАСТАРДЫ ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖАЙЫ

БАҚ-та ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар тобының үндеуі жариялануына байланысты, «СҚ-Фармация» ЖШС орфандық (сирек) аурулары бар науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты түсініктеме беруді қажет деп санайды.

Қазақстан Республикасында орфандық аурулары бар науқастарды емдеу үш қаржы көзі есебінен жүргізіледі:

  • республикалық бюджет;
  • «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры;
  • жергілікті атқарушы органдар.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры (бұдан әрі – Қор) 2022 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен құрылып, ел азаматтарын әлеуметтік маңызы бар салаларда, соның ішінде ауыр және сирек кездесетін ауруларға шалдыққан науқастарды қолдауға арналған. Қазіргі таңда Қор орфандық аурулары бар науқастарды 18 түрлі дәрілік затпен қамтамасыз етуде.

2025 жылға арналған орфандық ауруларды емдеуге қажетті дәрілік заттарды сатып алу бойынша «СҚ-Фармация» ЖШС-нің жұмысына келер болсақ, Бірыңғай дистрибьютор тізіміне 194 атау енгізілген, қазіргі таңда олардың 171 атауы сатып алынуда, оның ішінде 168-і сатып алынып, 3 атау сатып алу процесінде тұр.

Маңыздысы – «СҚ-Фармация» ЖШС сатып алатын дәрілік заттар республикалық бюджет есебінен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі арқылы қаржыландырылады. Бірыңғай дистрибьютор «Қазақстан халқына» қорының қаражатын дәрілік заттарды сатып алуға алмайды және пайдаланбайды.

Сәйкесінше, «Қазақстан халқына» қоры орфандық дәрілерді толық сатып алуды қаржыландырмайды, тек қажеттіліктің белгілі бір бөлігін ғана өтейді. Орфандық аурулары бар науқастарды қолдау – Қордың бірнеше маңызды әлеуметтік бағдарламаларының бірі ғана.

«СҚ-Фармация» ЖШС қызметінің басты мақсаты – азаматтарды тегін дәрілік заттармен уақытылы әрі сапалы қамтамасыз ету. Компания қызметі мемлекеттік саясаттың мақсаттарын іске асыруға, ең алдымен – халықтың, әсіресе әлеуметтік осал топтардың денсаулығын қорғауға және оларды дәрілік қамтамасыз етуге, оның ішінде сирек кездесетін аурулары бар науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтуға бағытталған.

Бірыңғай дистрибьютор әрқашан азаматтардың мүддесін қорғап, конструктивті ынтымақтастыққа ашық. Орфандық аурулары бар науқастарға қатысты мәселелер әрдайым басым бағыт болып қала береді. Компанияның барлық әрекеттері заңнама және уәкілетті органның тапсырмалары аясында жүзеге асырылады.

Біз көмекке мұқтаж барлық ата-аналар мен балаларға үлкен құрметпен қараймыз және мемлекет, Қор және азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы барлық санаттағы көмек алушылардың мүддесін теңестіре алатынымызға сенімдіміз.

Посмотреть еще