ЖҮРЕК-ҚАНТАМЫР АУРУЛАРЫ БАР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАЖЕТТІ ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛУДЕ: 2026 ЖЫЛҒА 27 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРАЖАТҚА ДӘРІЛІК ПРЕПАРАТТАР САТЫП АЛЫНДЫ
Жүрек-қантамыр аурулары әлемде өлім-жітім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Оларға жүректің ишемиялық ауруы, инсульт, артериялық гипертензия, жүрек жеткіліксіздігі және жүрек пен қан тамырларының басқа да аурулары жатады.
Қазақстанда жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу және емдеу денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі. Кардиологиялық және инсульттік қызметтерді дамыту, сондай-ақ заманауи диагностика және емдеу әдістерін енгізу бойынша жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралар жағдайды жақсартуға ықпал етуде. Соңғы бес жылда елімізде қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 35,1%-ға, ал аурушаңдық деңгейі шамамен 15%-ға төмендеді.
Пациенттерді дәрілік заттармен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінеді.
Тек 2026 жылға Бірыңғай дистрибьютор медициналық ұйымдардың өтінімдеріне сәйкес жүрек-қантамыр ауруларын емдеуге арналған 70 түрлі дәрілік препаратты жалпы сомасы 27,2 млрд теңгеге сатып алды.
Сатып алынған препараттардың қатарында амлодипин, аторвастатин, бисопролол, каптоприл, левосимендан, эналаприл, периндоприл, метопролол және басқа да дәрілік заттар бар. Препараттар қазақстандық, ирландиялық, поляк, ресейлік, австриялық, венгриялық және басқа да өндірушілерден сатып алынған.
2026 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында медициналық ұйымдарға 24 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік препараттар жеткізілді. Бұл жылдық сатып алу көлемінің 88%-ын құрайды.
Ал стационарлық медициналық көмек аясында 2,4 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар жөнелтілді. Бұл жылдық көлемнің 85%-ына тең. Медициналық ұйымдардың бекітілген кестелеріне сәйкес жеткізілімдер жоспарлы түрде жалғасуда.
2026 жыл бойы жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттерді қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз ету тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда дәрілік заттарды медициналық ұйымдар арасында қайта бөлуге, сондай-ақ Бірыңғай дистрибьютордың қолда бар қорлары есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.
Айта кетейік, жүрек-қантамыр ауруларының қауіп факторларының едәуір бөлігін бақылауға болады. Олардың қатарына дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің төмендігі, темекі шегу, алкоголь тұтыну, артық салмақ және қандағы қант деңгейінің жоғарылауы жатады.
Медицина мамандары жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстануға, дұрыс тамақтануға, дене белсенділігін арттыруға, артериялық қан қысымын бақылауға және профилактикалық медициналық тексеруден уақытылы өтуге және емдеуші дәрігер тағайындаған дәрілік препараттарды қабылдауға кеңес береді.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша пациенттер «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторының байланыс орталығына 1439 тегін нөмірі арқылы немесе Telegram мессенджеріндегі чат-ботына жүгіне алады.