Байланыс орталығы 1439
  • ҚАЗАҚСТАН-ФРАНЦИЯ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМЫ: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКА САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ
Жаңалықтар
28.05.2025

ҚАЗАҚСТАН-ФРАНЦИЯ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМЫ: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКА САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ

Бүгін Астанада Қазақстан мен Франция арасындағы сенімді серіктестік аясында Қазақстан-Франция инвестициялық форумы өтті. Іс-шарада денсаулық сақтау және фармацевтика салаларын қоса алғанда, бірқатар өзекті тақырыптар талқыланды.

Форумның арнайы панельдік сессиясы Қазақстан мен Франция арасындағы медициналық саладағы ынтымақтастыққа арналды. Сессияны ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ашты. Спикерлер қатарында ҚР Президентінің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарья, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Еркен Жақатай, Sanofi компаниясының Еуразиядағы вакциналар бағыты бойынша бас директоры Гийом Гранье және басқа да сарапшылар болды.

Министр өз сөзінде саланың даму бағыттары мен отандық өндірісті қолдау шараларына тоқталды:

«Министрлік нақты инвестициялық климатты қалыптастыруға және саланың өнімділігін арттыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бүгінде фармацевтика саласы ұлттық және ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ инвестиция тарту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Еуразиялық экономикалық одақ аясында шамамен 200 миллион адамды қамтитын нарықта экспорттық әлеуетіміз жоғары. 2027 жылдан бастап ЕАЭО-ның бірыңғай ережелері бойынша тіркеуге мүмкіндік беретін ортақ тіркеу жүйесі енгізіледі. Қазірдің өзінде Қазақстанда тіркеу рәсімдері барынша жеңілдетілді, ал отандық өндірушілер үшін бұл қызметтің құны 90%-ға төмендетілді. 2024 жылы отандық фармацевтикалық өндіріс көлемі 171 миллиард теңгеге жетіп, 26%-ға өсті. Біз, мемлекеттік орган ретінде, бизнестің бастамаларын әрі қарай қолдауға, тұрақты тұтынуды қамтамасыз етуге және жаңа жобаларды бірлесіп дамытуға дайынбыз».

ҚР Президентінің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарья мемлекет деңгейінде Қазақстан-Франция қатынастарына ерекше назар аударылатынын атап өтті. Ол Boehringer Ingelheim және Sanofi сияқты француз компанияларымен ынтымақтастықтың жоғары сенім деңгейін және технологиялық күрделі әрі әлеуметтік маңызы бар жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайындықты көрсететінін айтты:

«2021 жылы Парижде өткен осындай инвестициялық форумда біз Boehringer Ingelheim компаниясымен аусылға қарсы вакцинаның трансферті бойынша меморандумға қол қойдық. Бүгінде біз тек технологияны трансферттеп қана қоймай, алғашқы өнім партиясын өндіріп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеткіздік. Мұндай оң мысалдардың көбейуіне біз әрқашан ашықпыз. Sanofi компаниясымен ынтымақтастық Қазақстан-Франция серіктестігінің тиімді үлгісіне айналып, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, ғылыми зерттеулер мен өндірістік құзыреттілікті дамытуға, сондай-ақ жаһандық биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосады деп сенеміз».

«СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Еркен Жақатай өз сөзін отандық тауар өндірушілерге арналған мемлекеттік қолдау шараларына арнады. Ол дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процесі, бірыңғай дистрибьютордың рөлі, сатып алу тәсілдері және отандық фармацевтикалық нарықты дамыту туралы баяндады:

«Бүгінде фармацевтика саласын мемлекеттік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – ұзақ мерзімді шарттар жасау механизмі. Бірыңғай дистрибьютор отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірушілерімен, сондай-ақ түпнұсқалық патенттелген препараттарды келісімшарттық негізде өндіру тапсырыс берушілерімен 10 жылға дейінгі мерзімге, әрі қарай үш жылға ұзарту мүмкіндігімен келісімшарттар жасайды. Қазіргі уақытта бізде 34 отандық тауар өндірушімен 93 ұзақ мерзімді келісімшарт бар. Сонымен қатар, Pfizer (АҚШ), Hoffmann-La Roche (Швейцария) және AstraZeneca (Швеция) сияқты халықаралық компаниялармен алты түпнұсқалық патенттелген препаратты жеткізуге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалған. Бұл – елдегі фармацевтика саласын жергіліктендіру және технологиялық дамыту жолындағы маңызды қадам».

Сессия барысында басқа да спикерлер өз компанияларының тәжірибесіне тоқталып, бастамаларын ұсынды. Осылайша, форум нақты бастамаларды талқылауға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған алаңға айналды, бұл отандық фармацевтиканың әрі қарай дамуына және Қазақстанның жаһандық аренадағы позициясын нығайтуға ықпал етеді.

Дереккөз: "СҚ-Фармация" ЖШС баспасөз қызметі
Посмотреть еще
11 июня 2025
Источник: Пресс-служба ТОО "СК-Фармация"
06 июня 2025
Источник: Пресс-служба ТОО "СК-Фармация"