Бүгін, 11 желтоқсанда бүкіл әлемде Дүниежүзілік бронх демікпесімен күресу күні атап өтіледі. Оның мақсаты – бүкіл әлемде таралуын жалғастырып келе жатқан осы созылмалы ауруға назар аудару. Бастама ауру, оның алдын алу, диагностика және емдеу туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған.
Бронх демікпесі – тыныс алу жолдарына әсер ететін және олардың тарылуына әкелетін ауру. Бұл өз кезегінде ентігуге, жөтелге, ысқырыққа және кеудедегі ауырлық сезіміне әкеледі.
Қазақстанда, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «бронх демікпесі» диагнозына балалар мен ересектерді қоса алғанда, жүздеген мың пациент шалдыққан. Бірыңғай дистрибьютор бронх демікпесі бар науқастарды белсенді түрде қолдайды, оларды өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеді.
2024 жылға бронх демікпесін емдеуге арналған дәрілік заттардың 27 атауы сатып алынды.
Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде: республиканың медициналық ұйымдарына 5,7 млн астам дәрілік заттар жеткізілді.
Стационарлық көмек көрсету үшін: жасалған шарттар шеңберінде медициналық мекемелерге 1,6 млн астам дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар жөнелтілді.
СҚ-Фармация дәрі-дәрмектерді уақтылы жеткізуге және пациенттерді қолдауға ерекше назар аударады. Бұл ауруды бақылауды жақсартуға және асқынуларды болдырмауға мүмкіндік береді.
Ерте диагностика, дұрыс емдеу және дәрігердің ұсыныстарын орындау бронх демікпесі бар адамдарға толық өмір сүруге көмектесетінін еске саламыз.