Бүгін, 4 ақпанда бүкіл әлемде онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау мәселесіне жұртшылықтың назарын аударуға, сондай-ақ қазіргі уақытта қатерлі ісіктердің қаншалықты қауіпті және кең таралғанын еске салуға бағытталған халықаралық онкологиялық аурулармен күрес күні атап өтіледі.
Онкологиялық аурулар адам денсаулығына негізгі қауіптердің бірі болып қала береді, бірақ уақтылы араласу, дұрыс диагноз қою және заманауи терапия пациенттердің сәтті емделу және өмір сүру сапасын жақсарту мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 40 мыңға жуық қатерлі ісік ауруы тіркеледі. Онкологиялық көмек көрсету қорытындысы бойынша 2024 жылы Қазақстанда сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 205,1 құрады, яғни өткен жылы 41 318 бастапқы жағдай анықталды. Маңыздысы, егер пациент маманға ерте жүгінсе, бұл аурулардың едәуір бөлігі тиімді емделеді. СҚ-Фармация өз жұмысының шеңберінде барлық мұқтаждарды онкологиялық ауруларды емдеу үшін сапалы және заманауи дәрілік заттармен қамтамасыз етуге белсенді түрде жәрдемдеседі, бүкіл ел бойынша дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін жақсартады.
2025 жылға медициналық ұйымдар онкологиялық ауруларды емдеу үшін көзделген дәрілік заттардың 142 атауына қажеттіліктерін жариялады. Оның ішінде 140 атау сатып алынды, ал екі атау бойынша келіссөздер жүргізілуде, бүгінде сатып алу рәсімдері жалғасуда.
Бүгінгі таңда амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде республиканың медициналық ұйымдарына 1 252 992 бірлік дәрілік заттар жеткізілді. Осы атаулар бойынша стационарлық көмек көрсету үшін медициналық ұйымдарға 122 732 бірлік препарат жөнелтілді.
Осылайша, СҚ-Фармация онкологиялық ауруларды емдеуге арналған сапалы дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша өз жұмысын жалғастыруда. Алдын алу, жүйелі түрде тексеру және симптомдар туралы хабардар болу денсаулық пен ұзақ өмір жолындағы негізгі қадамдар екенін еске саламыз.