Байланыс орталығы 1439
Жаңалықтар
13.03.2024

СҚ-ФАРМАЦИЯ ИРАННЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Бірыңғай дистрибьютор алаңында Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Али Акбар Джоукардың қатысуымен Иран Ислам Республикасының Денсаулық сақтау және медициналық білім министрі Бахрома Ейнуллахи бастаған ирандық делегациямен кездесу өтті.

Сондай-ақ Иран тарапынан Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Мұхаммед Хоссейн Никнам, Денсаулық және еңбек жағдайлары орталығының директоры Джафар Джандаки, Қоғамдық ақпарат орталығының басшысы Педрам Пак Ойин, Халықаралық азық-түлік және фармацевтика ұйымының директоры Хамид-Реза Инанлу қатысты.

Кездесуде қазақстандық тарапты Бірыңғай дистрибьютор басшылығымен қатар ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің, ҚР ДСМ Дәрілік саясат департаментінің және Ұлттық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығының бірінші тұлғалары да болды.

Иран Парсы шығанағындағы Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы құрылды. Бүгінде елімізде Каспий теңізі өңіріндегі стратегиялық әріптес ретінде Иранмен екіжақты қатынастарды нығайтуға үлкен мән беріліп отыр.

Кездесу барысында тараптар инвестициялар тарту мәселелерін қоса алғанда, медицина және фармацевтика өнеркәсібі саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелерді талқылады.

Күн тәртібінде тараптар талқылаған серіктестіктің негізгі бағыты – фармацевтикалық өнеркәсіп болды. Ирандағы фармацевтикалық компаниялар Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка аймағындағы ең дамыған компаниялардың бірі болып табылады, олардың өзіндік даму әлеуеті бар.

Бірыңғай дистрибьютордың Басқарма Төрағасы Ерхат Искалиев бірыңғай дистрибуция жүйесі туралы айтып, саланың инвестициялық мүмкіндіктері, мемлекеттік жеңілдіктер мен преференциялар шарттарын, қазақстандық фармация нарығының жоғары әлеуетін және оның даму перспективаларымен таныстырды. Бірыңғай дистрибьютор фармацевтика саласындағы қолдау шарасын ұзақ мерзімді шарттар жасасу түрінде көздегенін атап өтеміз.

Отандық өндірісті дамытуда жоғары қосылған құны бар бірегей дәрі-дәрмектердің отандық өндірістік алаңдарында өндірісті жергілектендіру, R&D орталықтарын құру және кластерлік бастаманы іске асыру үлкен рөл атқаратыны ерекше атап өтілді.

ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Нұрлан Ысқақов дәрі-дәрмектерді қазақстандық нарыққа жіберу жүйесі туралы айтып, елде реттеуші тетіктердің тұтас жүйесі жұмыс істейтінін атап өтті.

Бахром Ейнуллахи өз кезегінде Қазақстан мен Иранның Денсаулық сақтау министрліктері арасында ынтымақтастық туралы келісім жасасуға қызығушылық білдірді. Сонымен қатар, қазақстандық дәрі-дәрмектерді сатып алуға және отандық нарыққа өзінің фармацевтикалық өнімдерін жеткізуге дайын екендігі айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен жобаларды іске асыру үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеу, сондай-ақ ирандық өндіріс технологияларын трансферттеу және оларды республика аумағында жергілектендіру мәселелерін жергілікті пысықтау қажеттігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Барлық мәселелерді одан әрі пысықтау үшін бірлескен дөңгелек үстел өткізуге бастамашылық жасалды.

Қорытындылай келе, тараптар фармацевтикалық өндіріс саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды ұлғайту мүмкіндіктерін атап өтіп, Иран мен тұтастай алғанда Қазақстанның өзара тиімді ынтымақтастығының перспективаларын белгіледі.

Айта кету керек, Иран делегациясының Қазақстанға ресми сапарының басты мақсаты – Қазақстан, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты елдердің қатысуымен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің 7-ші кеңесіне қатысу болды. 

Кеңес барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығын дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған негізгі шаралар жоспары бекітілетін болады.

Дереккөз: "СК-Фармация" ЖШС баспасөз қызметі
Посмотреть еще