«Global Pharm» III Халықаралық фармацевтикалық форумы – дамудың жаңа мүмкіндіктерін айқындау және сенімді бизнес-серіктестіктерді іздеу үшін ең нәтижелі диалог алаңы мәртебесін сақтап келеді.
Мемлекет басшысы әлемдік ойыншылармен ынтымақтастықтың және технологиялар трансферінің маңыздылығын бірнеше рет атап өтіп, отандық дәрілік заттардың үлесін 50%-ға дейін жеткізуді тапсырды.
Форум барысында Қазақстан отандық және шетелдік компаниялармен ынтымақтастық туралы бес Меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен SANTO («Химфарм» АҚ-ы) арасында отандықтармен ынтымақтастық туралы Меморандум жасалды.
Меморандум шеңберіндегі ынтымақтастық бірқатар бағыттарды қамтиды. Соның бірі – Шымкентте құрылған медициналық-фармацевтикалық кластер шеңберінде фармацевтикалық сала үшін фармацевтикалық білім беру сапасын халықаралық стандарттар деңгейіне дейін арттыру мақсатында SANTO академиялық бағдарламасын дамыту және Қазақстанның жетекші медициналық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық.
SANTO компаниясы Шымкенттегі өз зауытының базасында Орталық Азия фармацевтикалық хабын дамытуды жалғастырып, заманауи ғылыми-зерттеу және сынақ орталығының құрылысын аяқтайды.
Сонымен қатар, халықаралық нарықтарда экспортқа бағдарлануды және бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін GMP, GMP ЕАЭО, GMP EU халықаралық стандарттарына сәйкес қолданыстағы фармацевтикалық өндірістерді жаңғырту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру бойынша бірлескен жұмыс көзделген.
Santo терапияның әртүрлі салаларындағы ауруларды емдеуге арналған 12 фармакотерапиялық топтағы 240-тан астам дәрі-дәрмектің отандық өндірушісі болып табылады.
Қорытындылай келе, тараптар ортақ мақсаттарға – отандық фармацевтикалық нарықты дамытуға, елдің өндірістік және ғылыми әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер жасауға, сондай-ақ отандық өнім өндірісіне инвестициялар тартуға дайын екендіктерін білдірді.