Бірыңғай дистрибьютордың алаңында Германияның Biomedica компаниясымен кездесу өтті. Жиында өзара ынтымақтастық, жергілікті фармацевтикалық нарыққа шығу және Қазақстандағы сатып алу рәсімдері талқыланды.
Biomedica – сирек кездесетін (орфандық) ауруларды емдеуге, инновациялық және серпінді терапия әдістерін аз қамтылған әрі дамушы нарықтарға енгізуге маманданған германиялық фармацевтикалық компания.
Келіссөздер барысында неміс тарапы өз қызметін таныстырып, дәрілік препараттары мен алдағы жоспарларына тоқталды. Қазіргі таңда Biomedica үшін басты басымдық – Қазақстан нарығына шығу, жергілікті кеңсе ашу және жергілікті команда қалыптастыру. Негізгі бағыттары – нейробластома мен Алажиль синдромын емдеу.
СҚ-Фармация басқарма төрағасы Еркен Жақатай бірегей препараттарды ұсынатын халықаралық фармацевтикалық компаниялармен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, одан әрі өзара іс-қимылға дайын екендігін білдірді.
Тараптар диалогты жалғастыруға және пациенттердің заманауи емдеу әдістеріне қолжетімділігін кеңейту үшін серіктестіктің ықтимал жолдарын қарастыруға келісті.