Пациенттердің әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеудегі инновациялық тәсілдерге тез әрі тұрақты қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда онкологиялық және аутоиммунды дәрі-дәрмектер өндірісі жергіліктендірілетін болады.
Мұндай уағдаластыққа «Global Pharm» III Халықаралық фармацевтикалық форумының алаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «BIOCAD» биотехнологиялық компаниясы арасындағы ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы Меморандум жасасу кезінде қол жеткізілді.
BIOCAD – әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу орталықтарын, заманауи фармацевтикалық және биотехнологиялық өндірісті, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулерді біріктіретін Ресейдегі ең ірі биотехнологиялық инновациялық компаниялардың бірі. Компания онкологиялық және аутоиммунды ауруларды емдеуге арналған инновациялық дәрі-дәрмектерді шығарады, сондай-ақ бірегей генотерапиялық дәрі-дәрмектер әзірлеуді жүргізеді.
Компанияның Қазақстан аумағындағы дәрі-дәрмектерді өндіру технологияларының трансфері пациенттер үшін жоғары тиімді терапияның қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді және елдің медициналық-фармацевтикалық өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуетін дамытуға серпін береді.
Меморандумның мақсаты – пациенттердің әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеудегі инновациялық тәсілдерге жедел және орнықты қол жеткізуін қамтамасыз ету және Қазақстан азаматтарының денсаулығын қорғаудың тиімді және орнықты жүйесін дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
Тараптар дәрі-дәрмектерге клиникалық зерттеулер жүргізуді қоса алғанда, бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру мүмкіндіктерін қарауға ниетті.
Мемлекет басшысы әлемдік ойыншылармен ынтымақтастықтың және технологиялар трансферінің маңыздылығын бірнеше рет атап өтіп, отандық дәрілік заттардың үлесін 50%-ға дейін жеткізуді тапсырды.
«Global Pharm» III Халықаралық фармацевтикалық форумы – дамудың жаңа мүмкіндіктерін айқындау және сенімді бизнес-серіктестіктерді іздеу үшін ең нәтижелі диалог алаңы мәртебесін сақтап келеді. Форум барысында Қазақстан отандық және шетелдік компаниялармен ынтымақтастық туралы бес Меморандумға қол қойды.