ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және арнайы емдік өнімдерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрықтың жобасын жария талқылауға шығарды. Бұл ережелер ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы № 110 бұйрығымен бекітілген.
Жоба «Ашық НҚА» нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланды.
Өзгерістер медициналық техниканы сатып алу, ұзақ мерзімді келісімшарттар, клиникалық-техникалық негіздемелер, сондай-ақ тауарларды сертификаттау сияқты бірқатар аспектілерге қатысты.
Атап айтқанда, жоба тікелей келісімшарт арқылы отандық және шетелдік дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жалғыз өндірушілерімен келісімшарттар жасасудың жаңа тәртібін көздейді. Бұл ретте Бірыңғай дистрибьютордың үстеме бағасын ескере отырып, ең төмен баға берген өнім беруші сатып алудың жеңімпазы болып танылады.
Сонымен қатар, веб-портал арқылы дәрі-дәрмек немесе медициналық бұйымдар өндірісін құруға немесе жаңғыртуға ниеті бар әлеуетті өнім берушілер арасында ұзақ мерзімді жеткізу шарттарын жасасудың жаңа тетігі ұсынылады.
Осы тетік шеңберінде денсаулық сақтау жүйесінің медициналық тауарларға қажеттілігін ескере отырып, номенклатураны қалыптастыру тәртібі қайта қаралады. Бұл сатып алуды дәлірек және орталықтандырылған жоспарлауға және медициналық мекемелерді қажетті тауарлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мақсаты – сатып алу рәсімдерін жетілдіру, медициналық ұйымдарды дәрілік заттармен және медициналық техникамен уақтылы қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік ресурстарды ұтымды пайдалану болып табылады.
Бұйрық жобасын талқылау 2025 жылдың 20 наурызына дейін жалғасады.
Жоба құжаттарымен мына сілтеме бойынша танысуға болады:
https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15465118