Нормативтік құқықтық актілер порталында «Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 18 мамырдағы № ҚР ДСМ – 41 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығының жобасы жарияланды.
Құжат Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға (ҚҰФ) 14 жаңа халықаралық патенттелмеген атауларды және дәрілік заттардың 307 сауда атауларын енгізуді көздейді.
Сонымен қатар, тіркеуі аяқталған, қайталанатын және сәйкес келмейтін деректері бар дәрі-дәрмектердің сауда атауларының 680 позициясы ҚҰФ-тан алынып тасталады.
Жоғарыда аталған барлық өзгерістер кәсіби сараптаманың қорытындыларын ескере отырып қабылданған Денсаулық сақтау министрлігінің Формулярлық комиссиясының шешімдері негізінде енгізіледі.
Жаңартылған ҚҰФ медициналық ұйымдар мен науқастар үшін қажетті және тиімді дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттырады.
Бұдан басқа, бұйрық жобасы дәрілік заттарды іріктеу процесінің ашықтығын арттыруға және оларды тағайындау мен қолдану кезінде тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Жобаның көпшілік алдында талқылануы 2025 жылдың 4 наурызына дейін жалғасады.
Бұйрық жобасының барлық құжаттарымен көрсетілген сілтеме арқылы танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15449072
Естеріңізге сала кетейік, ҚҰФ – бұл клиникалық қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденген дәрілік заттардың, сондай-ақ орфандық (сирек) дәрілік препараттардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық ұйымдардың дәрілік формулярларын әзірлеу және дәрілік заттарды сатып алу тізімдерін қалыптастыру үшін міндетті негіз болып табылатын тізбесі.