Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігінің алты жылдығына орай Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелері туралы «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» атты мақаласын жариялады.
«Жақында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елімізді басқарғанына алты жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстан коронавирус пандемиясынан бастап жаһандық геосаяси шиеленіске дейінгі көптеген сын-қатерлерге қарамастан, экономикалық дамуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізе алды», - делінген мақалада.
Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер туралы мақалада келесі негізгі көрсеткіштер келтірілген.
2019 жылдан бастап қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайды. Жалпы өлім-жітім 7,8%-ға, ана өлімі – 26,3%-ға, нәрестелердің шетінеп кету көрсеткіші – 15,8%-ға төмендеді. Бұған профилактиканың тиімділігін арттыру және скринингпен қамту деңгейін кеңейту ықпал етті.
Сондай-ақ, осы кезеңде республикада 955 денсаулық сақтау нысаны салынды. Олардың ішінде Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы мен Ұлттық жедел медициналық үйлестіру орталығы сияқты маңызды мекемелер бар.
Іске асырылып жатқан «Аңсаған сәби» арнайы президенттік бағдарламасының арқасында 2021 жылдан бастап 9 мыңнан астам сәби дүниеге келді.
Үш жыл ішінде дәрігерлердің жалақысы жыл сайын 30%-ға, ал орта медициналық персоналдың жалақысы 20%-ға өскені атап өтілді.
Денсаулық сақтау жүйесінің, әсіресе ауылдық жерлерде кадрлық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылады.
«Мысалы, ауылдық елді мекендерге кемінде 5 жыл мерзімге жұмысқа келген медицина қызметкерлеріне 8,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем енгізілді. Тұрғын үй мәселелерін шешудің қолжетімді құралдары бар», - делінген ҚР Премьер-Министрінің мақаласында.
Мақаланың толық нұсқасын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсынан оқуға болады.