Бүгін «СҚ-Фармация» ЖШС-де ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – Басқарма төрағасы Еркен Жақатай таныстырған Бірыңғай дистрибьютордың қызметі туралы есеп болды.
Отырысқа ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова, Денсаулық сақтау министрлігінің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының өкілдері, қоғамдық ұйымдар, фармацевтикалық қауымдастықтар және Кеңестің басқа да мүшелері қатысты.
Отырысты ашқан ҚР ДСМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Надежда Петухова дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенім деңгейін анықтайтын негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету барлық мүдделі тараптардың назарын талап етеді.
Еркен Жақатай өз сөзінде «СҚ-Фармация» жұмысының негізгі бағыттары мен сатып алу қорытындыларына егжей-тегжейлі тоқталды.
«Бірыңғай дистрибьютордың басты рөлі – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға тең және әділ қол жеткізуді қамтамасыз ету. Біз үшін ең маңызды басымдық – отандық өндірушілерді қолдау болып қала береді. Соңғы бес жылда қазақстандық дәрі-дәрмектердің жалпы сатып алу көлеміндегі үлесі 15%-дан 33%-ға дейін өсті», - деп атап өтті Бірыңғай дистрибьютор басшысы.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Бірыңғай дистрибьютор бүкіл ел бойынша 1 213 стационар мен 711 емхананы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Стационарларда 2,5 млн пациент дәрі-дәрмек көмегін алса, ал емханаларда рецепт бойынша тегін дәрі-дәрмек 2,2 млн пациентке берілді. 479,9 млрд теңге сомасына 1 596 дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар сатып алынды.
Сатып алу ұзақ мерзімді шарттар шеңберінде 35 отандық өндірушімен 143,92 млрд теңге сомаға, тікелей сатып алу жолымен 34 шетелдік өндірушімен 95,98 млрд теңге сомаға, халықаралық ұйымдар (БҰҰДБ, ЮНИСЕФ, СТОП ТБ) арқылы 3,89 млрд теңге сомаға, сондай-ақ тендер шеңберінде 55 дистрибьютордан 3,89 млрд теңге сомаға жүзеге асырылды.
Қазақстандық фармацевтикалық өндірушілерді қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда 34 қазақстандық компаниямен 507 дәрі-дәрмек және 1 959 медициналық бұйым жеткізуге 90 ұзақ мерзімді келісімшарт қолданыста.
«2009 жылдан 2024 жылға дейін біз 48 отандық өндірушілермен 6 867 дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізуге 125 ұзақ мерзімді келісімшарт жасадық. Ұзақ мерзімді шарттар тетігі отандық өндірушілермен 3 жылға ұзарту мүмкіндігімен 10 жылға шарттар жасасуды көздейді, бұл бизнес үшін өндірісті сенімді жоспарлауға және дамуға инвестиция салуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Еркен Жақатай.
Әлеуметтік маңызды аурулары бар науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Онкологияны емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмектердің 99%-ы, қант диабеті үшін – 100%-ы, қан айналымы жүйесінің аурулары үшін 1 млн-нан астам пациентті құрайтын – 94%-ы сатып алынды. АИТВ-ны емдеуге арналған антиретровирустық дәрілер 82%-ға сатып алынды, қалған бөлігі халықаралық ұйымдар арқылы сатып алынады. Сирек (орфандық) ауруларды емдеу үшін дәрі-дәрмектердің 91% сатып алынды.
Отырыс барысында Қоғамдық кеңес мүшелері ықтимал төтенше жағдайлар кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін де сөз етті.
«СҚ-Фармация» басшылығы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде 516 атау бойынша дәрі-дәрмектердің төмендетілмейтін қоры қалыптасқанын хабарлады. Бұл қорлар медициналық ұйымдардың шұғыл қажеттіліктеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Қоғамдық кеңес мүшелері халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде бірқатар проблемалар шешілмей келетінін атап өтті. Атап айтқанда, олар жекелеген дәрі-дәрмектерді өңірлердің медициналық ұйымдарына уақтылы жеткізбеу жағдайларына назар аударды. Бұл өз кезегінде пациенттерді емдеу процесіне теріс әсер етуі мүмкін. Кеңес азаматтарды қажетті дәрі-дәрмектермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін осы мәселелерді жедел шешудің маңыздылығын атап өтті.
Талқылауды аяқтай отырып, отырысқа қатысушылар пациенттермен, медициналық ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен тұрақты өзара іс-әрекеттесу маңыздылығын атап өтті.
«Біз қоғаммен ашық диалогқа ұмтыламыз. Халықты өмірлік маңызды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету – бұл бірлескен күш-жігерді қажет ететін міндет және Біз белсенді ынтымақтастыққа дайынбыз», - деп атап өтті Еркен Жақатай.
Қоғамдық кеңес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайын бақылауды жалғастыруға және осы саладағы проблемалық мәселелерді шешуде жұмыс істеуге дайын екендігін білдірді.