Байланыс орталығы 1439
Жаңалықтар
27.10.2023

ӘЛЕМДІК САРАПШЫЛАР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ НАРЫҚТЫҢ БОЛАШАҒЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

26 қазанда Астанада «Global Pharm» III Халықаралық фармацевтикалық форумы өтті. Бұл – салада дәстүрге айналып үлгерген фармацевтикалық индустриядағы ең ауқымды іс-шаралардың бірі.

             Ұйымдастырушылар – e-forum.net қолдауымен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі және «СҚ-Фармация» ЖШС-і Бірыңғай дистрибьюторы.

             ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, халықты сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділікпен қамтамасыз етудің және мүдделі тараптармен саланың ағымдағы сын-қатерлерін талқылаудың маңыздылығын атап өтті.

Аталмыш іс-шараның негізгі мақсаттары – Қазақстанда фармацевтикалық өндірісті дамытуға мемлекеттік және жеке инвестицияларды тартуға, отандық фармацевтикалық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға, ғылыми және кадрлық әлеуетті арттыруға, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарын сапалы және заманауи медициналық техникамен қамтамасыз етуге және отандық өндірісті дамыту саласында сындарлы өзара іс-әрекетті жолға қоюға ықпал ету.

Форум офлайн және онлайн түрде гибридті форматта өтті. Форумның драйверлері – дөңгелек үстел, панельдік пікірталас, стратегиялық және бизнес-сессиялар болды, содан кейін талқылаулар тақырыптық сессияларға көшті.

Бағдарлама аясында салалық министрліктер мен қауымдастықтар өкілдерінің, ірі әлемдік фармацевтикалық компаниялардың, отандық фармацевтикалық зауыттар топ-менеджерлерінің, сондай-ақ логистика мен сақтауды, буып-түю мен таңбалауды және track and trace жүйесін қоса алғанда, ілеспе салаларда жұмыс істейтін компаниялар өкілдерінің сөз сөйлеуі көзделген.

Ауқымды шараға фармацевтика мәселелері бойынша әлемдік сарапшы-практиктер, әлемдік атаумен ғалымдар мен практик дәрігерлер, ірі өндірушілер, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары, әлемнің 20-дан астам елінен келген қазақстандық және шетелдік кәсіпкерлер қатысты.

Бұған дейін Мемлекет басшысы жаһандық фармкорпорациялармен ынтымақтастықты жандандыруды, инвесторларды тартуды, технологиялар мен жаңа әзірлемелердің трансфертін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. «Отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесін 2025 жылы 50%-ға жеткізу қажет», – деп атап өтті Президент.

Бірінші кезекте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі мен СЕО ірі фармацевтикалық компаниялардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Бас қосу спикерлері – ҚР Денсаулық сақтау вице-министріВячеслав Дудник, ҚР Президенті Ісі Басқармасының Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой, сондай-ақ Roche, Pfizer, Janssen, Novartis AG, Novo Nordisk, Takeda, Bayer, STADA, Астразенека және BIOCAD сияқты ірі фармацевтикалық компаниялардың өкілдері болды.

Дөңгелек үстел барысында спикерлер дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бірыңғай нарығын – ЕАЭО мен ЕО тәжірибесін, Қазақстанның жаңа геосаяси жағдайдағы экспорттық әлеуетін, ұзақ мерзімді келісімшарттарды, келісімшарттық өндірісті дамытуды, өндірісті оқшаулауды, кедергілерді еңсеруді және жаңа бағыттарды: логистикалық тізбектерді, зияткерлік құқықтарды қорғауды және фармацевтикалық нарықтың коммерциялық сегментін айқындауды талқылады.

             Бүгінде елімізде фармацевтика өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі Кешенді жоспары іске асырылуда, 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» Ұлттық жобасы әзірленді, онда бағыттардың бірі – «Қазақстанның отандық фармацевтика өнеркәсібі» болып табылады.

Қазақстанның инвестициялық әлеуеті айтарлықтай жоғары. Бірқатар артықшылықтар – геостратегиялық жағдай, транзиттік және логистикалық әлеует, бай ресурстық база, халықаралық сауда және инвестициялық келісімдер, сондай-ақ негізгі әлемдік нарықтарға қол жеткізу.

Отандық фармацевтикалық нарық дамушы нарықтарда жаңа мүмкіндіктер іздейтін халықаралық инвесторлар арасында үлкен қызығушылық тудырады. Мамандардың бағалауы бойынша, Қазақстанда фармацевтика саласында қуаттылықты екі есеге арттыру мүмкіндігі бар.

ҚР Үкіметі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі бойынша бастамаларды қолдайды. Бұдан басқа, әлемдік фарминдустриямен жемісті өзара іс-әрекет жасау және Қазақстан аумағында танылған брендтерден инновациялық фармацевтикалық өнім өндірісін жергіліктендірудің тиімді жолдарын іздеу мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары құрылуда.

Фармацевтика индустриясының әлемдік ойыншыларымен бірнеше рет кездесулер кезінде инвесторларды тарту және технологиялар трансферті бойынша мемлекет қабылдаған барлық шаралардың және уағдаластықтардың нәтижесі ынтымақтастық туралы бірқатар Меморандумдарға қол қою болды:

  • ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және «Джонсон & Джонсон» ЖШҚ арасында;

Қазақстанда дәрі-дәрмектердің келісімшарттық өндірісін дамытуда және клиникалық зерттеулер саласындағы технологиялар трансферінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

  • ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және «Bayer ҚАЗ» ЖШС-і арасында;

Бірлескен стратегиялық әріптестік – клиникалық зерттеулер нарығын және озық технологиялар трансферін дамытуға бағытталған.

  • «СҚ-Фармация» және Қырғызстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы «Қырғызфармация» МК арасында;

Оңтүстіктегі көршілермен ынтымақтастық шеңберінде «СҚ-Фармация» ЖШС-і Бірыңғай дистрибьюторымен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірлесіп сатып алуға бастамашылық жасалды.

  • ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және SANTO («Химфарм» АҚ-ы) арасында;

Тараптар кластер мен зерттеу секторының әлеуетін дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Бұл бағытта SANTO компаниясының R&D орталығы маңызды рөл атқарады, ол функцияларды біріктіруге негіз болды: кластер құрамындағы зерттеулер мен өндіріс.

  • ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және BIOCAD («БИОКАД» АҚ-ы) арасында.

Ресейлік BIOCAD биофармацевтикалық компаниясы Қазақстан аумағында жаңа фармацевтикалық өндіріске, атап айтқанда онкологиялық және аутоиммунды дәрі-дәрмектер өндірісіне инвестиция салуға мүдделі.

Нәтижесінде тараптар арасында өзара іс-әрекет спектрін кеңейту, ақпарат және тәжірибе алмасу жолымен екіжақты байланыстар орнату, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, қазақстандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту және қазіргі заманғы техникалық шешімдерді ескере отырып, өндірілетін дәрілік заттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстандық фармацевтика саласын жаңа деңгейге шығарудағы табыстың кілті – инновациялар. «Инновациялар: қажеттілік пе, әлде артықшылық па?» тақырыбындағы стратегиялық сессия аясында дәрі-дәрмек айналымы саласындағы мемлекеттік саясат, инновацияның қолжетімділігіндегі ҰДДҒО рөлі, денсаулық сақтаудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудің кілті ретінде инновациялар, денсаулық сақтауды қаржыландырудың өсуі және аналитика негізінде оңтайлы шешімдерді іздеу: баламалы тәсіл сияқты тақырыптар қозғалды. Стратегиялық сессияда сөз сөйлеушілердің бірі – «СҚ-Фармация» ЖШС-і Басқарма Төрағасы Ерхат Искалиев болды.

Сонымен қатар, «Құндылыққа бағдарланған тәсіл – нәтижелерге негізделген денсаулық сақтау жүйесін басқару» тақырыбында панельдік пікірталас өтті. Қатысушылар құндылыққа бағытталған денсаулық сақтаудың жаһандық тенденцияларын, денсаулық сақтау шығындарын өтеудің инновациялық үлгілерін, халықтың дәрі-дәрмектерге қол жетімділігін арттыру үшін қолданылатын цифрлық құралдарды және онкология мен орфандық сырқаттардағы құндылыққа негізделген денсаулық сақтауды талдады.

Қазақстанда құндылыққа бағдарланған денсаулық сақтауды немесе Value-Based Healthcare (VBH) енгізу – медициналық көмекке ақы төлеу жүйесі емделуші үшін маңызды емдеу нәтижесіне қол жеткізуді емес, оның көлемін ғана ескеретіндігіне байланысты.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, құндылыққа бағдарланған тәсілді енгізу медициналық көмектің сапасын арттыруға және шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. VBH қағидаттарын енгізу дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алуда, баға белгілеу және құнын өтеу процесінде де орынды болып көрінеді.

«Дәрілік заттар нарығының жұмысын нормативтік реттеу. Қазақстанда инновациялық дәрі-дәрмктерді жергіліктендіруді ынталандыру шаралары» бизнес-сессиясы отандық фармацевтика саласын дамыту келешегіне, кедергілер мен сын-қатерлерге арналды.

Дәрілік заттардың қолжетімділігі – ел азаматтарының денсаулығын қорғау және пациенттердің өмір сүру сапасын қамтамасыз ету аясындағы аса маңызды аспект. Бұл ретте ассортименттік қолжетімділік (ақаусыз қолжетімділік) және баға қамтамасыз етілуі тиіс. Дәрі-дәрмектерге қол жетімділікті қамтамасыз ету шаралары әртүрлі құқықтық құралдардың көмегімен жүзеге асырылады: дәрі-дәрмектерге құқықтарды қорғау, жекелеген дәрі-дәрмектердің бағаларын реттеу, Мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін преференциялар беру және т.б.

Осыған байланысты негізгі мәселе – нарықтың әртүрлі ойыншыларының мүдделерін қанағаттандыру мен қоғамдық мүдделерді қанағаттандырудың ең жоғары деңгейіне жету арасындағы қажетті тепе-теңдікті табу.

Халықаралық форумның қорытынды кезеңі – «Клиникалық зерттеулер саласындағы өзекті мәселелер», «Қазақстанда сауда-логистикалық фармхабты дамыту. Логистикадағы ақпараттық технологиялар мен байланыс құралдары» және «Үздіксіз фармацевтикалық білім: проблемалар мен перспективалар» атты тақырыптық сессиялар болды.

Форум соңында қатысушылар бірегей диалог алаңын құрғаны және өзара ынтымақтастыққа, инвестициялық өзара іс-әрекетті кеңейтуге және Қазақстанның фармацевтика саласындағы технологиялар трансферті арқылы өндірісті оқшаулауға қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдірді.

«Global Pharm» Халықаралық фармацевтикалық форумы дәстүрге айналып үлгерді және биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Іс-шара диалог үшін көптеген алаңдар ашып, фармацевтика саласының ірі компанияларымен және Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының өкілдерімен B2B және G2B кездесулерді қамтыды.

Айта кетейік, биыл форумға әлемнің 10-нан астам елінен 200-ге жуық делегат келіп, тағы 1,2 мың адам онлайн режимінде қосылды. Қатысушылар 60-тан астам түрлі компаниялардың мүддесін білдірді.

Посмотреть еще