Дәрі-дәрмекпен қамтамсыз ету жүйесі – бұл өндірушілерден пациенттерге дейінгі өзара тәуелді кешенді процестердің жиынтығы: өндіріс – сараптама және тіркеу – тізімдерге қосу және бекіту – қажеттілікті жоспарлау – сатып алу және жеткізу – пациентке беру.
Әр кезеңдегі жауапкершілік құзыреттіліктер мен жауапкершілікке сәйкес тізбекке қатысатын ұйымдар арасында бөлінеді.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі процесінің бірінші кезеңі – дәрі-дәрмек өндірісі. Дәрі-дәрмектер өндірілгеннен кейін, оны фармацевтикалық нарықта қолдануға және сатуға рұқсат беру үшін мақұлдау кезеңінен өтеді. Патенттік қорғауға байланысты дәрілер түпнұсқалы және қайта жаңғыртылған болуы мүмкін, сауда атаулары авторлық құқықпен қорғалған дәрінің атауымен (ХПА) әр түрлі болуы мүмкін.
Емдеудің тиімділігі сапалы дәрі-дәрмектерді қолданылуына байланысты және де, бұл мәселеге денсаулық сақтау жүйесінде ерекше назар аударылады. Егер дәрі-дәрмекті бір елде қолдануға рұқсат етілгенімен, бұл оның басқа елде қолдануға болатынын білдірмейді. Осылайша, рәсімдеудің екі түрі бар – мемлекеттік тіркеу және тіркеуден кейін дәрі-дәрмектердің сапасын бағалау.
Барлығы мемлекеттік тіркеуден басталады – бұл нарыққа кіру рұқсаты. Өндірушілер тіркеуге өтінім береді. Қазақстандықтар сапасыз немесе жалған дәрі-дәрмектерге тап болмауы үшін елде реттеуші тетіктердің тұтас жүйесі жұмыс істейді.
Сараптама жасау және қорытынды берумен Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы – www.ndda.kz айналысады. Тіркеу кезеңінде дәрінің тиімділігі мен қауіпсіздігі, оның нарықта болуының нысаналылығы, өндіріс технологиясын сақтау мәселелері анықталады. Клиникаға дейінгі, клиникалық және зертханалық зерттеулердің нәтижелері зерделенеді.
Қазақстан нарығында айналысқа түсетін дәрілік заттардың сапасы мәселелері елімізде өндірілген барлық дәрі-дәрмектерді, сондай-ақ оның аумағына әкелінетін дәрі-дәрмектерді тіркеу рәсімін жүзеге асыратын Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің құзыретіне жатады.
Нарық айналымындағы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігіне мониторинг фармакологиялық қадағалау жүйесі шеңберінде де жүзеге асырылады. Бұл қазақстандықтар қолданатын дәрілердің зиян келтірмеуі үшін қажет. Фармакологиялық қадағалаудың міндеті – дәрі-дәрмектерді қолданудың жағымсыз салдарын анықтау, талдау, бағалау және алдын алу.
Сары карта-хабарламалар. Пациенттер сырқаттарын емдеуде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жағымсыз әсері немесе тиімсіздігі анықталған кезде Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы – www.ndda.kz сайтында сары карта-хабарламасын толтыру үшін емдеуші дәрігеріне жүгіне алады.
Тіркеу кезеңінде дәрінің тиімділігі мен қауіпсіздігі, оның нарықта болуының нысаналылығы, өндіріс технологиясын сақтау мәселелері анықталады. Шекті бағалар өндірушілердің өтініштері мен референттік елдерде тіркелген бағаларды талдау негізінде қалыптасады.
Шекті бағаларға www.ndda.kz сараптама жасап, ҚР ДСМ-ға бекітуге жібереді. Дәрі-дәрмектер мен медициналық өнімдерге баға белгілеу саясаты Бірыңғай дистрибьютордың құзыретіне кірмейді.
Осылайша, тіркеу кезінде нақты фармацевтикалық өнімге сәйкес келуі тиіс - сапа, қауіпсіздік, тиімділік, баға параметрлері бекітіледі.
Өндірушілер дәрі-дәрмектерді клиникалық хаттамаларға енгізуге өтінім береді. Клиникалық хаттамаларды, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды ҚР ДСМ Медициналық қызметтердің сапасы жөніндегі бірлескен комиссия әзірлейді және енгізеді.
Клиникалық хаттамалар негізінде ҚР ДСМ Формулярлық комиссиясы – www.nrchd.kz дәрі-дәрмектерді Тізбеге енгізу туралы мәселені қарастырады. Формулярлық комиссия ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің консультативтік-кеңесші органы болып табылады. Комиссия құрамына уәкілетті органның мамандары, дәрілік заттардың айналымы, клиникалық фармакология және дәлелді медицина саласында тиісті білімі бар бейінді мамандар кіреді.
Осыдан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі клиникалық хаттамаларды, Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды, дәрілік заттардың сипаттамалары, халықаралық патенттелмеген атауы және олардың шекті бағалары қамтылған ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде сатып алу үшін амбулаториялық дәрімен қамтамасыз ету және Бірыңғай дистрибьютор жөніндегі Тізбелерді бекітеді.
Медициналық ұйымдар өз қажеттіліктерін дәрі-дәрмектердің атаулары, жеткізу көлемі мен кестесі бойынша өздері анықтайды. Медициналық ұйымның қолда бар қаржы ресурстары шеңберінде бюджетті де өздері қалыптастырады.
Медициналық ұйымдар ЕФИС жүйесі арқылы Бірыңғай дистрибьютордың атына қажетті атаулар, көлемдер, дозалар және дәріні жеткізу кестесі туралы ақпаратпен қалыптастырылған өтінімді ұсынады.
Өтінім Денсаулық сақтау басқармаларымен келісу кезеңінен өтеді, содан кейін одан әрі бекіту үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына беріледі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қаржыландыру көзі бола отырып, Бірыңғай дистрибьютордың атына ұсынылған медициналық ұйымдардың өтінімдерін қарайды.
Содан кейін Қор Бірыңғай дистрибьютордың атына Денсаулық сақтау басқармаларымен келісілген амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде өңірлердің дәрі-дәрмектерге қажеттілігінің есептерін-жиынтық тізілімді жібереді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өтінімдерді келісіп, мақұлдағаннан кейін ғана Бірыңғай дистрибьютор сатып алуға кіріседі. Осылайша, Қордың қажеттіліктерін есептеу сатып алу рәсімдерін жүргізуге негіз болады.
СҚ-Фармация өтінімді қалыптастыру процесіне қатыспайды. Бірыңғай дистрибьютор медициналық ұйымдардың өтінімдеріне сәйкес сатып алуды және жеткізуді жүргізеді.
Сатып алу рәсімдері ҚР Денсаулық сақтау министрінің №110 бұйрығымен бекітілген сатып алуды ұйымдастыру және өткізу Қағидаларымен регламенттеледі.
Дәрі-дәрмектерді сатып алу Бірыңғай дистрибьютордың атына стационарлық көмек шеңберінде медициналық ұйымдар және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ұсынған өтінімдер негізінде жүзеге асырылады.
Әдетте, Бірыңғай дистрибьютор сатып алуды алдын ала жүзеге асырады. Сонымен, келесі жылға арналған дәрі-дәрмектер ағымдағы жылы сатып алынады.
2018 жылдан бастап сатып алулар ҚР ҚМ электрондық қаржы орталығының арнайы әзірленген платформасында электрондық форматта өткізіледі. Сатып алу қорытындыларының барлық хабарландырулары мен хаттамалары ашық ақпарат болып табылады және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алудың веб-порталында еркін қол жетімді.
Дәрі-дәрмектерді жеткізуге келетін болсақ, Бірыңғай дистрибьютор өтінімде көрсетілген кестеге сәйкес жөнелтуді жүзеге асырады. Естеріңізге сала кетейік, медициналық ұйымдардың өздері қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу кестесін көрсетеді.
ҚР-да дәрілік заттарды рецепт бойынша өткізу ҚР ДСМ бұйрығымен бекітілген рецептілерді жазу, есепке алу және сақтау қағидаларымен регламенттеледі. Рецепттерді тиісті медициналық айғақтар болған кезде өз құзыреті шегінде денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері жазып береді және жібереді.
Осылайша, дәрі-дәрмектің тағайындалуы, дозасы мен мөлшерін емдеуші дәрігер анықтайды. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы ақпарат әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына беріледі, содан кейін тізілімдерді салыстыру және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін төлем жасалады.
Кері байланыс. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін қадағалау, пациенттермен тікелей жұмыс істеу үшін бірыңғай дистрибьюторда 1439 қысқа нөмірі бар байланыс орталығы жұмыс істейді. Ол халықтан жеткізілімдегі іркілістер туралы барлық деректерді жинақтайды, тегін берілетін қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу мерзімдері мен күндері туралы ақпарат береді.
Барлық қоңыраулар тегін, қалалық және ұялы телефондар үшін қол жетімді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша консультацияны байланыс орталығынан 1406 нөмірі бойынша алуға болады. Қазақстанның барлық аумағында ұялы және қалалық телефондардан қоңырау шалу тегін.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі – өте көп уақытты қажет ететін ұзақ процесс. Пациентке белгілі бір дәрі-дәрмекті беру алдында дәрі іске асырудың барлық кезеңдерінен өтеді. Әрбір қадам нақты нормативтік-құқықтық талаптармен реттеледі.
Негізгі міндет – дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі сұраныстың өзгеруіне жедел және нақты жауап бере алатындай, кез-келген төтенше жағдайда икемді болатындай және ең алдымен азаматтардың қажеттіліктеріне бағытталған жұмысты ұйымдастыру.
Азаматтарды сапалы және тиімді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету – әрқашан да ұлт денсаулығын сақтаудағы басымдық болып келді. Құрылған жүйенің арқасында пациенттердің қауіпсіз және қолжетімді дәрілік заттарды алуын үздіксіз қамтамасыз етуге, сондай-ақ, тұтынушылардың, мемлекеттің және фармацевтикалық бизнеспен айналысатын кәсіпкерлердің, яғни, фармацевтикалық нарықтың барлық қатысушыларының мүдделерін теңестіруге мүмкіндік бар.